Басты бет › Ата-аналар баланың сөйлеу тілін дамыту туралы нені білуі керек

Ата-аналар баланың сөйлеу тілін дамыту туралы нені білуі керек

Ата-аналар баланың сөйлеу тілін дамыту туралы нені білуі керек Ата-аналар баланың сөйлеу тілін дамыту туралы нені білуі керек Ата-аналар баланың сөйлеу тілін дамыту туралы нені білуі керек Ата-аналар баланың сөйлеу тілін дамыту туралы нені білуі керек Ата-аналар баланың сөйлеу тілін дамыту туралы нені білуі керек

Көптеген ата-ана логопедке баласы кейбір дыбыстарды дұрыс айта алмаған кезде жүгінеді. Алайда логопедтің жұмысы тек дыбыстарды түзетумен шектелмейді. Маман баланың сөйлеу қабілетін тұтас бағалап, оның жасына және жеке ерекшеліктеріне қарай жұмыс жүргізеді. Сондай-ақ ата-аналарға баланың тілін үйде дамытуға көмектесетін әдістерді ұсынады.

Баланың анық сөйлеуімен қатар, сөздерді түсінуі, сөздік қорының молдығы, сөйлем құрауы және өз ойын жеткізе білуі де маңызды. «Қарлығаш» балабақшасының логопеді Роза Байталиеваның айтуынша, баланың тілдік дамуын бағалағанда осы ерекшеліктердің барлығы ескеріледі.

«Дыбыстарды дұрыс айтуға үйрету – жұмысымыздың бір бөлігі ғана. Баланың айтылған сөзді түсінуі, сөздік қоры, сөйлем құрауы және өз ойын жеткізе алуы да маңызды. Сондықтан баланың сөйлеу қабілетін жан-жақты қарастырамыз», – дейді маман.

Баланың қызығушылығын оятудың да өзіндік маңызы бар. Мәселен, балабақшада бес жастағы бір баламен жұмыс барысында оның сүйікті кейіпкері Соникке деген қызығушылығы пайдаланылған. Бастапқыда мамандармен тіл табысуға асықпаған бала квест-ойындарға белсенді қатыса бастаған. Ол кейіпкерге түрлі кедергілерден өтуге көмектесіп, тапсырмаларды орындау арқылы дыбыстарды да үйренген. Осылайша, ойын баланың сабаққа деген ынтасын арттырған.

Халықаралық тәжірибеде баланың тек дұрыс сөйлеуіне емес, тіл арқылы айналасымен қарым-қатынас жасай алуына да басымдық беріледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ әзірлеген Care for Child Development бағдарламасында да осыған мән берілген. Бағдарламада баланың тілін дамыту үшін онымен жиі сөйлесу, бірге ойнау және күнделікті тұрмыстағы қарым-қатынасқа көбірек көңіл бөлу ұсынылады.

Америкалық сөйлеу, тіл және есту қауымдастығы (ASHA) баланың жеке ерекшеліктері мен өсіп отырған тілдік ортасын ескерудің маңызын атап өтеді. Мамандар бірнеше тілді қатар меңгеру сөйлеу бұзылыстарына әкелмейтінін де түсіндіреді. Қазақстанда қазақ және орыс тілдерінде қатар сөйлейтін отбасылар аз емес. Мұндай жағдайда баланың екі тілдегі сөздерді араластырып қолдануы өздігінен қандай да бір ауытқудың белгісі болып саналмайды.

«Қарлығаш» балабақшасында 83 тәрбиеленушінің сөйлеу тілін дамытуға алты логопед жұмылдырылған. Олар балалармен жеке және топтық сабақтар өткізеді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жеке бағдарламалар әзірленіп, әрқайсысының мүмкіндігі мен даму қарқыны ескеріледі. Бұл жұмысқа ата-аналар да қатысады. Оларға үйде орындауға арналған тапсырмалар мен жаттығулар жазылған арнайы дәптерлер беріледі. Ал педагогтер тәжірибе алмасып, әдістемелік материалдармен бөлісу үшін жабық Telegram-арнасын жүргізеді. Қазір арнада 200-ден астам пайдалы материал мен дамыту ойыны жинақталған.

Баланың тілі әртүрлі қарқынмен дамиды. Дегенмен жасына қарай қалыптасуы тиіс негізгі дағдылар бар. Екі жасқа қарай бала «Мама, берші» сияқты екі сөзден құралған қарапайым тіркестерді айта бастауы керек. Егер ол әлі сөз тіркестерін қолданбаса немесе қарапайым сөздерді түсінбесе, маманмен кеңескен дұрыс. Екі-үш жаста баланың сөздік қоры толығып, қысқа сөйлемдер айтып, сұрақ қойып, жауап бере бастайды. Төрт-бес жасқа қарай бала бірнеше сөйлеммен әңгімелеп, оқиғаларды ретімен баяндап, өз ойын түсінікті жеткізе алады.

Баланың сөйлеуін қатарластарымен салыстырып, асықтырудың қажеті жоқ. Онымен жиі сөйлесу, кітап оқу, бірге ойнау және әрбір жетістігіне қолдау көрсету маңызды. Отбасындағы күнделікті қарым-қатынас пен мамандардың уақытылы көмегі баланың тілінің дамуына оң ықпал етеді.