Басты бет › Әлеуметтік оңалту, қызметтерді цифрландыру және жұмыспен қамту: Парламентаризм институтының сарап...

Әлеуметтік оңалту, қызметтерді цифрландыру және жұмыспен қамту: Парламентаризм институтының сарапшысы Қазақстандағы мүгедектігі бар адамдарды қолдау шаралары туралы

Әлеуметтік оңалту, қызметтерді цифрландыру және жұмыспен қамту: Парламентаризм институтының сарапшысы Қазақстандағы мүгедектігі бар адамдарды қолдау шаралары туралы

Бүгінде Қазақстанда 756 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Олардың 120 мыңға жуығы - балалар, 636 мыңы - ересектер. Мүгедектігі бар адамдар еліміздің қоғамдық, саяси және кәсіби өміріне белсенді араласып, кәсіпкерлікті дамытып, спортта, шығармашылықта және басқа да салаларда жетістіктерге жетіп келеді.

Әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру және жұмыспен қамтуға жағдай жасау Қазақстанның әлеуметтік саясатының маңызды бағыттары болып қала береді. Алайда Парламентаризм институтының Әлеуметтік жобалар және қоғамдық бастамалар орталығының бас маманы Еңлік Байназарованың айтуынша, басты мәселе - көрсетілген қызметтердің санында ғана емес, олардың мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын қаншалықты жақсартатынында.

Сарапшының сөзінше, бұл саладағы мемлекеттік саясаттың құқықтық негізін Әлеуметтік кодекс пен 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы құрайды. Білім беру, жұмыспен қамту, инфрақұрылым, ақпарат және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.

Әлеуметтік оңалтудың негізгі құралдарының бірі - «Әлеумет» әлеуметтік қызметтер порталы. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың тоғыз айында платформа арқылы мүгедектігі бар адамдарға 463 205 қызмет көрсетілген. Оның ішінде 330 300 қызмет оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етуге, 8 600 қызмет ымдау тілі маманының көмегіне, 27 400 қызмет жеке көмекшінің қызметіне, ал 96 905 қызмет санаторийлік-курорттық емдеуге тиесілі.

Азаматтарға ақпараттық қолдау көрсету мақсатында порталда «Aidana» чат-боты жұмыс істейді. Ол сервистің жұмысы, нормативтік құқықтық актілер туралы анықтамалық ақпарат ұсынып, жиі қойылатын сұрақтарға жауап береді.

Мүгедектікті белгілеу рәсімдерін цифрландыру жұмыстары да жалғасуда. Азаматтарға медициналық ұйымға жүгіну жеткілікті, содан кейін қажетті құжаттар электрондық форматта жіберіледі. Мамандар құжаттарды азаматтардың медициналық ұйымдарға және медициналық-әлеуметтік сараптамаға жеке баруынсыз қарайды. Бұл әсіресе шалғай елді мекендердің тұрғындары үшін маңызды. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша осындай форматта 83,4 мыңнан астам өтінім қаралған.

Сарапшы балаларды медициналық оңалтудың маңыздылығына да ерекше тоқталады. 2025 жылы 125 мың бала оңалту көмегін алды. «Қамқорлық» жобасы аясында Астана, Семей, Тараз, Кентау, Орал және Атырау қалаларында алты жаңа ауданаралық оңалту орталығы ашылды. Бұдан бөлек, еліміздің тағы 12 өңірінде ірі оңалту орталықтарын құру көзделген.

Мамандандырылған инфрақұрылымды дамытумен қатар, көмектің баламалы форматтары да енгізілуде. Мәселен, Әлеуметтік қорғау саласын дамыту ұлттық ғылыми орталығы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан «QH Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» жобасы 642 баланы қамтыды. Оның 500-інде оң динамика тіркелген.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу де маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мансап орталықтарына мүгедектігі бар 29,5 мың адам жүгінген. Олардың 17,9 мыңы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылды. 10,5 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 5 022 адам тұрақты жұмыс орындарына қабылданды.

Азаматтарға бос жұмыс орындарын іріктеу, кәсіптік оқыту және субсидияланатын жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысу бойынша қызметтер ұсынылады. Қысқа мерзімді кәсіптік оқумен мүгедектігі бар 243 адам қамтылды. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 3 629 адам кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, оның 2 349-ы сертификат алды. Skills Enbek платформасында онлайн оқудан 2 951 адам өтті.

Осылайша, сарапшының атап өтуінше, Қазақстанда қолжетімді әрі адам қажеттіліктеріне бағдарланған қолдау жүйесін қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Әлеуметтік және медициналық оңалту мүмкіндіктерін кеңейту, цифрлық шешімдерді енгізу және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын дамыту мүгедектігі бар адамдардың дербестігін арттыруға және олардың қоғам өміріне толыққанды қатысуына бағытталған.