21 қазанда Алматыдағы «Оқ-Жетпес» емдеу-сауықтыру кешені» АҚ филиалы — Almaty Resort шипажайында Халықаралық алма күніне арналған дәстүрлі фестиваль өтті. Мерекеде гастрономия, ұлттық дәстүрлер мен музыка тоғысты. Қонақтарға шипажай асханасында дайындалған тағамдар мен тәтті нан өнімдерінің дәмін татып, қолөнершілер жәрмеңкесі, арнайы фотозона, ұлттық ойындар мен қазақстандық өнерпаздардың концертін тамашалау мүмкіндігі ұсынылды.
Фестивальдің ерекше сәтінің бірі — шипажай аспаздары әзірлеген гастрономиялық бағдарлама. Екі күн бойы мейрамхана шеф-аспазы Мадияр Қыдырбаев бастаған 15 маман жаңа піскен алма мен жергілікті өнімдерді пайдаланып, түрлі тағамдар дайындады.
Мерекелік дастарқанда қатпарлы қамырдан жасалған алма раушандары, штрудель, пончиктер, маффиндер, шағын бәліштер, тоқаштар, мармелад және басқа да тәттілер ұсынылды. Ал баяу отта бұқтырылып дайындалған алмасы бар палау қонақтар үшін ерекше жаңалық болды. Бұл — аспаздар командасының авторлық идеясы. Гастрономиялық көрменің ортасына 100 келі алмадан жасалған мүсін қойылды.
«Фестивальге алдын ала дайындалдық: түрлі рецепттерді таңдап, жаңа дәм үйлесімдерін сынап көрдік, қонақтарды таңғалдыратын тағамдар ойластырдық. Кейбір идеялар асүйімізде жұмыс барысында туындады. Мысалы, баяу отта бұқтырылып дайындалған алмасы бар палау. Біз үшін бұл — күнделікті қолданатын жергілікті өнімдерден қаншалықты алуан түрлі тағам әзірлеуге болатынын көрсету мүмкіндігі», — деді мейрамхананың шеф-аспазы Мадияр Қыдырбаев.
Мерекенің сәнін арнайы фотозона мен жергілікті шеберлердің қолөнер бұйымдары қойылған жәрмеңке аша түсті. Сондай-ақ шипажай қызметкерлерінің балалары дайындаған алма мен күз тақырыбына арналған суреттер мен қолөнер жұмыстарына ерекше орын берілді.
«Шипажайымыз үшін ең басты құндылық — ұлт денсаулығы. Алма күні бізге ерекше жақын, өйткені алма — дәрумендер мен пайдалы заттарға бай жеміс. Биыл аспаздарымыз түрлі десерттер мен нан өнімдерін дайындады. Қонақтарымызды қуантып, таңғалдыру үшін әр жолы жаңа идеялар ұсынуға тырысамыз. Алматы тұрғындарының бұл мерекеге ерекше ықылас танытып, отбасыларымен бірге келіп жатқаны бізді қуантады», — деді Almaty Resort директоры Гүлжанат Бугубаева.
Мерекелік шара қазақстандық өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасты. Қонақтар алдында танымал әнші, композитор әрі шоумен Нұрлан Еспанов, әнші Анара Аязбаева, әнші Данияр Қарабалаев, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі және әжелер ансамблі өнер көрсетті.
Фестивальдің басты нышаны ретінде алманың таңдалуы кездейсоқ емес. Іле Алатауының бөктерінде өсетін Сиверс алмасын ғалымдар қазіргі алма сорттарының арғы аталарының бірі деп санайды. Бұл жеміс Алматының символына айналған, ол өңірдің табиғи байлығы мен өзіндік ерекшелігін танытады.
Almaty Resort үшін Алма күніне арналған фестиваль гастрономияны, мәдениетті және денсаулықты дәріптейтін игі дәстүрге айналды. Шипажай жыл сайын қала тұрғындары мен қонақтарына арнап мерекелік шара ұйымдастырып, жергілікті дәстүрлерді таныстырады, өз асханасында әзірленген тәттілерден дәм татқызып, отбасымен бірге жайлы демалуға мүмкіндік жасайды.