Астық – ұн, нан, жарма және басқа да көптеген азық-түлік өндірісінің негізгі шикізаты. Дайын өнімнің дәмі мен тағамдық құндылығы оның сапасына байланысты. Ал тұтынушылардың денсаулығы астықтың қауіпсіздігіне тікелей тәуелді. Сырт көзге сапалы көрінетін астықтың өзінде арнайы зерттеусіз анықтау мүмкін емес қауіпті заттар болуы ықтимал. Мұндай ластаушы заттарды анықтап, шикізаттың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растауға Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының мамандары көмектеседі.
Қазақстан әлемдегі ірі астық өндіруші елдердің қатарында. 2025 жылы елімізде 27,1 млн тонна астық жиналды, оның 20,3 млн тоннасы бидай. Өндіріс көлемі осыншалық ауқымды болғанда астық өнімдерінің қауіпсіздігін бақылаудың маңызы арта түседі. Ықтимал қауіпті заттарды шикізат өңдеуге түскенге дейін анықтау қажет.
Зертханалық бақылаудың негізгі бағыттарының бірі – микотоксиндерді анықтау. Бұл заттар зең саңырауқұлақтарының тіршілік әрекеті нәтижесінде түзіледі. Олар астықта өсіру кезеңінде де, кептіру мен сақтау шарттары бұзылғанда да пайда болуы мүмкін. Қауіптілігі сол, кейбір микотоксиндер жоғары температураға төзімді, сондықтан термиялық өңдеуден кейін де сақталып қалады.
Микотоксиндерден бөлек, мамандар астықты пестицид қалдықтарына, уытты элементтерге және басқа да ластаушы заттарға тексереді. Бұл заттардың көбін астықтың сыртқы түріне, иісіне немесе дәміне қарап анықтау мүмкін емес. Оларды табу үшін арнайы талдау әдістері мен зертханалық жабдықтар қажет.
Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығында мұндай зерттеулерді санитариялық-химиялық зерттеулер, токсикология, ВТИ және диоксиндерді анықтау, сондай-ақ радиология зертханаларының мамандары жүргізеді. 2026 жылдың басынан бері Орталықта астыққа 327-ге жуық зерттеу жүргізілді. Зертханалық тексерулер нәтижесінде белгіленген нормативтерден ауытқу анықталған жоқ.
Нәтижелердің дұрыстығы жабдықтың дәлдігі мен қолданылатын әдістерге ғана емес, сынаманың дұрыс алынуына да байланысты. Бір партияның өзінде ластаушы заттар біркелкі таралмауы мүмкін. Сондықтан тек бетінен алынған үлгіні зерттеу бүкіл партияның жай-күйін әрдайым объективті бағалауға мүмкіндік бермейді.
Зерттеу үшін үлгілер таза, құрғақ ыдысқа салынып, қажетті мәліметтер көрсетіле отырып таңбаланады. Оларға партия нөмірі, сынаманың алынған күні мен орны жатады. Үлгілерді сақтау және тасымалдау шарттары нақты зерттеудің ерекшелігіне қарай белгіленеді. Осы талаптардың сақталуы объективті нәтиже алуға және өнімнің қауіпсіздігін дұрыс бағалауға мүмкіндік береді.
Астықты зертханалық зерттеу – азық-түлік қауіпсіздігін бақылау жүйесінің маңызды бөлігі. Ол ықтимал қатерлерді уақтылы анықтауға, белгіленген талаптарға сай келмейтін шикізаттың пайдаланылуына жол бермеуге және тұтынушылардың денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді.