Басты бет › Неліктен сегіз сағат ұйықтасаңыз да, шаршау басылмайды?

Неліктен сегіз сағат ұйықтасаңыз да, шаршау басылмайды?

Неліктен сегіз сағат ұйықтасаңыз да, шаршау басылмайды? Неліктен сегіз сағат ұйықтасаңыз да, шаршау басылмайды?

Сегіз сағат ұйықтау әрдайым сапалы тынығуды білдірмейді. Егер адам таңертең шаршап оянса, күндіз ұйқышылдық мазалап, зейін қою қиындаса, мұның себебі ұйқының бұзылуына байланысты болуы мүмкін. Мұндай белгілерге бейжай қарамай, олардың себебін анықтау маңызды.

«Ұйқының бұзылуына тек күйзеліс қана емес, мазасыздық, тәуліктік биологиялық ырғақтардың бұзылуы, мазасыз аяқ синдромы және ұйқы апноэсы да себеп болуы мүмкін», –дейді ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының Ұйқы зертханасының маманы Альфия Абжанова.

Ұйқының бұзылуын білдіретін маңызды белгілердің бірі – үнемі қорылдау. Егер қорыл ұйқы кезінде тыныс алудың уақытша тоқтауымен, таңертеңгі бас ауруымен және күндізгі ұйқышылдықпен қатар жүрсе, бұл обструктивті ұйқы апноэсының белгісі болуы мүмкін.

Ұйқының ұзақ уақыт бойы бұзылуы ағзаның толық қалпына келуіне кедергі келтіреді. Соның салдарынан есте сақтау қабілеті төмендеп, зейін қою қиындауы және жалпы денсаулық жағдайы нашарлауы мүмкін.

МОА-ның Ұйқы зертханасында ұйқы бұзылыстарын анықтау үшін респираторлық мониторинг және полисомнография зерттеулері жүргізіледі. Респираторлық мониторинг бір түн ішінде 20 мыңға дейін өлшем жүргізуге мүмкіндік береді және обструктивті ұйқы апноэсын анықтауға қолданылады. Ал полисомнография кезінде электроэнцефалография (ЭЭГ) арқылы мидың белсенділігі, жүрек ырғағы, тыныс алу, көз бен аяқ-қол қозғалыстары тіркеледі. Бұл зерттеулер ұйқы апноэсін, ұйқысыздықты, мазасыз аяқ синдромын, нарколепсияны және басқа да ұйқы бұзылыстарын анықтауға көмектеседі.

Зерттеу нәтижелері бойынша мамандар диагноз қойып, науқасқа сәйкес емдеу тәсілін таңдайды. МОА-да обструктивті ұйқы апноэсін емдеуде СИПАП-терапиясы, ал тыныс алудың кейбір бұзылыстары кезінде БИПАП-терапиясы қолданылады.

Ұйқы сапасын жақсарту үшін күнделікті ұйқы режимін сақтау, жатын бөлмеде қолайлы жағдай қалыптастыру және күннің екінші жартысында кофеин тұтынуды шектеу ұсынылады. Дегенмен түнгі ұйқы жеткілікті болғанымен, шаршау мен күндізгі ұйқышылдық сақталса, мұны тек күйзеліспен немесе жұмысбастылықпен байланыстыруға болмайды.

МОА-ның Ұйқы зертханасының мамандары ұйқы бұзылыстарының себебін анықтап, тиісті емдеу тактикасын таңдауға көмектеседі. Уақтылы тексерілу – сапалы ұйқыға, сергектікке және денсаулықты сақтауға жасалған маңызды қадам.