Басты бет › Үйреншікті жөтел тыныс алу жүйесі ауруының белгісі болуы мүмкін

Үйреншікті жөтел тыныс алу жүйесі ауруының белгісі болуы мүмкін

Үйреншікті жөтел тыныс алу жүйесі ауруының белгісі болуы мүмкін Үйреншікті жөтел тыныс алу жүйесі ауруының белгісі болуы мүмкін Үйреншікті жөтел тыныс алу жүйесі ауруының белгісі болуы мүмкін Үйреншікті жөтел тыныс алу жүйесі ауруының белгісі болуы мүмкін Үйреншікті жөтел тыныс алу жүйесі ауруының белгісі болуы мүмкін

Ентігу мен ұзаққа созылған жөтелді көп адам шаршау, жас ұлғаюы немесе темекі шегумен байланыстырып, оған мән бере бермейді. Алайда бұл белгілер тыныс алу жүйесіндегі елеулі өзгерістерді көрсетуі мүмкін. Ентігуге қашан алаңдау керек, өкпе ауруларын анықтауда қандай заманауи әдістер қолданылады және ем неге әр пациентке жеке таңдалады? Бұл туралы ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының жоғары санатты пульмонологы, №4 терапиялық бөлімшенің меңгерушісі, Астана қаласының бас пульмонологы Мадина Есенгелдинова айтып берді.

Пульмонологияда ентігу жеке диагноз емес, белгілі бір аурудың белгісі ретінде қарастырылады. Оның себебі өкпе ауруларынан ғана емес, жүрек-қантамыр жүйесінің бұзылыстарынан, қаназдықтан, тромбоэмболиядан, семіздіктен немесе бұлшықет әлсіздігінен де болуы мүмкін. Сондықтан дәрігер қабылдаудың алғашқы минуттарынан бастап пациенттің жалпы жағдайын бағалайды. Тыныс алу сипатына, тыныштық кезінде ентігудің бар-жоғына, қандағы оттегі деңгейіне (сатурацияға), жүрек соғу жиілігіне және басқа да клиникалық белгілерге назар аударады.

Өкпенің созылмалы ауруларын дер кезінде анықтауға кедергі келтіретін факторлардың бірі – адамның өз белгілеріне біртіндеп бейімделуі. Ол аз жүре бастайды, баспалдақпен көтерілуден немесе ұзақ серуендеуден қашқақтайды. Ал бронх демікпесі кез келген жаста алғаш рет пайда болуы мүмкін. Өкпенің созылмалы обструктивті ауруы көбіне 40 жастан кейін анықталады. Әсіресе ұзақ жылдар бойы темекі шеккен немесе жұмыс барысында зиянды факторлардың әсеріне ұшыраған адамдарда бұл қауіп жоғары. Өкпе қызметін ерте кезеңде бағалаудың негізгі әдістерінің бірі – спирометрия.

Қазіргі пульмонологияда «бір ауруға – бір стандартты ем» қағидатынан гөрі, әр пациенттің жеке ерекшеліктерін ескеруге басымдық беріліп келеді. ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының Респираторлық медицина орталығында пульмонологиямен қатар функционалдық және сәулелік диагностика, эндоскопия, зертханалық диагностика, геномдық зерттеулер, ұйқы зертханасы, оңалту және физиотерапия бағыттары қамтылған. Күрделі жағдайларда жоғары ажыратымдылықтағы компьютерлік томография, эндоскопиялық зерттеулер, трансбронхиалды биопсиямен EBUS, сондай-ақ ПЭТ және өкпенің радиоизотоптық сцинтиграфиясы қолданылады.

Мұндай кешенді тәсіл әртүрлі зерттеу нәтижелерін салыстырып, аурудың нақты себебін анықтауға мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда басқа да бейінді мамандардың кеңесі ұйымдастырылады.

Мадина Есенгелдинованың айтуынша, пациент үшін ең маңыздысы – симптомдарға үйреніп кетпеу. Егер ентігу пайда болып, біртіндеп күшейсе немесе жөтел ұзақ уақыт бойы басылмаса, оны елемеуге болмайды. Мұндай жағдайда дәрігерге жүгініп, қажетті тексеруден өткен жөн.