16 қыркүйек - Халықаралық интервенциялық кардиология күні. Осыған орай ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің кардиоваскулярлық бөлімшесінің меңгерушісі Данияр Маханов бұл әдістердің инфаркт кезінде жүректі қалай сақтап қалатыны туралы айтып берді.
Әдістің мәні қарапайым. Дәрігер катетерді білезік немесе шап аймағындағы шағын тілік арқылы енгізіп, рентген бақылауымен жүрек тамырларына жеткізеді. Одан кейін коронарография жасалады. Түсірілім қан тамырларында тарылу немесе бітелу бар-жоғын және оның қаншалықты күрделі екенін көрсетеді. Егер тарылу айқын болса, қан тамыры баллон арқылы кеңейтіледі, ал қажет болған жағдайда стент тамыр саңылауын ашық ұстап тұратын шағын металл құрылғы орнатылады.
Инфаркт кезінде уақыттың әр минуты маңызды. Жүректі қанмен қамтамасыз ететін тамырлардың бірі күрт тарылып немесе толық бітеліп қалуы мүмкін. Соның салдарынан жүрек бұлшықетінің бір бөлігіне оттегі жетпей қалады. Қан айналымы неғұрлым ұзақ уақыт қалпына келмесе, жүрек жасушалары соғұрлым көп зақымданады.
Инфаркт екенін қалай түсінуге болады? Негізгі белгісі төс артындағы 15-20 минуттан ұзаққа созылатын қысып, күйдіріп немесе жаншып ауыратын ауырсыну. Ол қолға, иыққа, арқаға, мойынға немесе жақ сүйекке таралуы мүмкін. Бұған ентігу, суық тер, әлсіздік, бас айналу, жүрек айну немесе себепсіз мазасыздық қосылуы ықтимал. Өздігінен басылып қалады деп күтуге болмайды дереу жедел жәрдем шақыру қажет.
Стент барлық науқасқа бірдей қажет емес. Шешім коронарография нәтижесінен кейін, қай тамырдың зақымданғанына және тарылу деңгейіне қарай қабылданады. Стент орнатылғаннан кейін пациенттердің көпшілігі қалыпты өмір салтына қайта оралады. Алайда бір маңызды шарт бар: стент ішінде тромб түзілуінің алдын алатын дәрілерді қатаң түрде қабылдау және жағдайы жақсы болса да, оларды дәрігердің кеңесінсіз тоқтатпау керек. Сонымен қатар қан қысымын, холестерин мен қандағы қант деңгейін бақылау, темекіден бас тарту және дене жүктемесіне біртіндеп оралу маңызды.
Ұлттық госпитальда жыл сайын осындай мыңға жуық емшара жүргізіледі, оның шамамен 400-і стенттеу. Бөлімшеде күрделі жағдайлар да емделеді: қан тамырларының созылмалы бітелуі, бірнеше тамырдың қатар зақымдануы, жүректің құрылымдық ақауларына байланысты эндоваскулярлық араласулар, бүйрек және шеткері артериялар патологиялары, аортаға стент-графт орнату.
Аритмия кезінде радиожиілікті және криоаблация жүргізіліп, аритмияға қарсы құрылғылар орнатылады. Қант диабеті немесе созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі тамырлардың ауыр зақымдануымен қатар жүретін науқастарды емдеу күрделірек. Мұндай жағдайда қан тамырлары бірнеше жерде қатар зақымдануы мүмкін, асқыну қаупі де жоғары болады. Сондықтан емдеу тәсілі әр ем алушыға жеке таңдалады.
Дәрігердің кеңесі біреу ауырсынуға төзбеу керек. Кеудені қысып ауырту, ентігу, суық тер, әлсіздік, қолға, арқаға немесе жақ сүйекке тарайтын ауырсыну байқалса, күтпей, дереу жедел жәрдем шақырған дұрыс.
Ұлттық госпитальдың кардиоваскулярлық бөлімшесіне қабылдауға жазылу үшін:
8 776 338 43 10 - ұялы телефон,
8 727 261 97 87 - қалалық телефон.