Басты бетНеге мигреньді жай ғана «шыдап өткізуге» болмайды

Неге мигреньді жай ғана «шыдап өткізуге» болмайды

Неге мигреньді жай ғана «шыдап өткізуге» болмайды

12 қыркүйек - Халықаралық мигреньмен күрес күні. Бұл ауру кең таралғанына қарамастан, көптеген адамдар оны жылдар бойы жай ғана бас ауруы деп қабылдап, ауырсынуды басатын дәрілермен шектеліп жүреді.

ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің дәрігер-неврологы Гүлнар Исаканованың айтуынша, мигрень бастапқы бас ауруларына жатады және көбіне өзіне тән клиникалық белгілер арқылы анықталады. Ұстама бірнеше сағаттан үш тәулікке дейін созылып, жүрек айну, құсу, жарық пен шуға төзбеушілікпен қатар жүруі мүмкін. Ауырсыну әдетте орташа немесе жоғары деңгейде болады және физикалық белсенділік кезінде күшейеді.

Мигрень ұстамасына триггер деп аталатын қоздырушы факторлар әсер етеді. Олардың ішінде күйзеліс, мазасыздық, шамадан тыс шаршау, ұйқының аздығы немесе артық болуы, күн тәртібінің өзгеруі, сапар, көлікте шайқалу, мойын бұлшықеттерінің ширығуы, ауа райының өзгеруі, ашық жарық, өткір иіс және қатты шу бар. Әйелдерде гормондық өзгерістер де әсер етуі мүмкін. Кей адамдарда кофе, қара шоколад немесе қызыл шарап та ұстаманы қоздырады.

Сонымен бірге кез келген бас ауруын мигрень деп қабылдауға болмайды. Әсіресе алғаш рет пайда болған немесе сипаты өзгерген бас ауруы, соның ішінде 40–50 жастан кейін басталған ауырсыну ерекше назарды қажет етеді. Көру, сөйлеу немесе сезімталдықтың бұзылуы да шұғыл медициналық көмекке жүгінуге себеп болуы тиіс. Мұндай белгілер мигрень аурасы кезінде де, транзиторлық ишемиялық шабуыл немесе инсульт кезінде де кездесуі мүмкін.

Тағы бір жиі кездесетін мәселе  ауырсынуды басатын дәрілерді бақылаусыз қабылдау. Препараттарды шамадан тыс қолдану дәрі-дәрмекке байланысты, немесе абузустық, бас ауруына әкелуі мүмкін. Нәтижесінде адам дәріні көбірек қабылдайды, ал бас ауруы керісінше жиілей түседі.

Мигреньді заманауи емдеу ұстаманы тоқтатуға арналған және алдын алу терапиясын қамтиды. Егер ұстамалар айына төрт немесе одан да көп рет қайталанса немесе өмір сапасын айтарлықтай төмендетсе, дәрігер алдын алу емін ұсынуы мүмкін. Бүгінде мигреньнің даму механизмдеріне тікелей әсер ететін таргеттік препараттар да қолданылады.

Гүлнар Исаканова мигрень емделмейді деген пікірдің қате екенін атап өтті. Қазіргі дәлелді тәсілдер ауруды бақылауға, ұстамалардың жиілігі мен қарқындылығын азайтуға мүмкіндік береді. Емдеу тәсілдері жаңа ғылыми деректерге сәйкес үнемі жаңартылып отырады.

Ұлттық госпитальде дәрігер-невролог Гүлнар Исаканова күніне орта есеппен мигреньмен 5–6 науқасты қабылдайды. Госпитальде валидизацияланған шкала арқылы жүргізілген зерттеу нәтижесінде тексерілген науқастардың шамамен әр үшіншісінде мигрень белгілері анықталған.

Маманның айтуынша, тұрақты түрде қайталанатын бас ауруын қалыпты жағдай деп қабылдауға болмайды. Неврологқа дер кезінде жүгіну, дұрыс таңдалған ем, жеткілікті ұйқы, еңбек пен демалыс режимін сақтау және жеке триггерлерді бақылау өмір сапасын едәуір жақсартуға көмектеседі.