Бұл суды ішуге бола ма? Дүкен сөресіндегі өнім қауіпсіз бе? Биологиялық материалда қауіпті вирус немесе бактерия бар ма? Осындай маңызды сұрақтардың жауабы көбіне зертханалық зерттеуден басталады.
Медициналық, биологиялық және ветеринариялық мамандықтарда білім алып жүрген студенттер үшін қазіргі зертхана – университетте алған теориялық білімін тәжірибеде қолдануға, заманауи зерттеу әдістерімен танысуға және болашақ кәсіби бағытын айқындауға мүмкіндік беретін орта.
Бүгінгі зертхана микроскоп пен сынауық туралы дәстүрлі түсініктен әлдеқашан асып түсті. Мұнда молекулалық-генетикалық әдістер, нақты уақыт режиміндегі ПТР, секвендеу, масс-спектрометрия қолданылады, сондай-ақ химиялық, микробиологиялық және радиологиялық зерттеулер жүргізіледі.
ҚР ПІБ Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығында жұмыс тоғыз бейінді бағыт бойынша ұйымдастырылған. Санитариялық-химиялық зертхана судың, ауаның, топырақтың және өнімдердің химиялық құрамын зерттейді. Санитариялық-бактериологиялық зертхана микроорганизмдерді анықтайды, ал молекулалық-генетикалық зертхана генетикалық маркерлерді зерттеп, заманауи диагностикалық әдістерді қолданады.
Бұдан бөлек, токсикологиялық зерттеулер, радиология және аспаптық өлшеулер, диоксиндер мен полихлорланған бифенилдерді анықтау, аса қауіпті бактериялық және вирустық инфекцияларды зерттеу, сондай-ақ жоғары технологиялық зерттеу әдістері жеке бағыттар ретінде дамып келеді. Тағы бір маңызды бағыт – дератизация, дезинсекция және дезинфекция жұмыстары.
Осындай кең ауқымды мүмкіндік жас маманға тәжірибеден өту кезеңінің өзінде зертханалық жұмыстың әртүрлі бағыттарымен танысып, өзіне жақын саланы таңдауға жол ашады. Біреуді микробиология қызықтырса, енді біреуі молекулалық диагностикаға, химиялық зерттеулерге немесе жоғары технологиялық жабдықтармен жұмыс істеуге бейім болуы мүмкін.
Мамандыққа апарар жол микробиология, вирусология, эпидемиология және зертханалық диагностикамен байланысты медициналық, биологиялық немесе ветеринариялық білімнен басталуы мүмкін. Кейін нақты мамандану бағытын таңдап, бактериология, вирусология, паразитология, химия немесе радиология бойынша қосымша даярлықтан өтуге болады. Ал аса қауіпті патогендермен және иондаушы сәулелену көздерімен жұмыс істеу үшін арнайы даярлықтан өтіп, тиісті рұқсат алу қажет.
Сонымен қатар маманның кәсіби білімі диплом алумен аяқталмайды. Зертхана қызметкерлері тұрақты түрде қосымша оқудан өтеді, зертханааралық салыстырмалы сынақтарға қатысады, жаңа әдістемелер мен заманауи жабдықтарды меңгереді. Бұл жұмыс кәсіби біліммен қатар жоғары дәлдікті, белгіленген рәсімдерді қатаң сақтауды және әрбір нәтиженің дұрыстығына жауапкершілікпен қарауды талап етеді.
«Орталықтың әр зертханасы өзіне тән нақты міндетті атқарады. Алайда бізге жүгінген адам немесе ұйым үшін негізгі құндылық осы бағыттардың біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуінен қалыптасады. Химиялық, бактериологиялық, радиологиялық және молекулалық-генетикалық бақылау нәтижелері бірігіп, кешенді қорытынды жасауға мүмкіндік береді», – дейді СЭСО директорының ұйымдастыру-өндірістік қызмет жөніндегі орынбасары Дамир Кобжасаров.
Зертханалық жұмыстың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік жүйесіндегі маңызын айқындайтын да – оның нақты нәтижесі. Хаттамадағы әрбір көрсеткіштің артында адамдардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі тұр. Сондықтан мұндағы дәлдік тек кәсіби талап емес, оның тікелей практикалық маңызы бар. Ал маманның жауапкершілігі зерттеуді орындаумен ғана шектелмейді.
Жас маман үшін зертхана кәсіби өсуге де кең мүмкіндік береді. Бір бағыттан бастаған маман уақыт өте келе күрделірек зерттеу әдістерін, жаңа жабдықтарды және сабақтас мамандану бағыттарын меңгере алады. Маманның біліктілігі артқан сайын оған жүктелетін міндеттердің деңгейі мен күрделілігі де жоғарылай түседі.
Сондықтан заманауи зертхана – тек зерттеу жүргізілетін орын емес. Бұл – университетте алынған білім нақты кәсіби құзыретке айналатын, ал күнделікті еңбектің нәтижесі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тұтас жүйенің бір бөлігіне айналатын кәсіби орта.