Күз келгенде көпшілік ұйқышылдық, әлсіздік, таңертең төсектен тұрудың қиындауы сияқты жайсыздықтарды сезінеді. Бұл қалыпты маусымдық өзгеріс пе, әлде маманның көмегін қажет ететін жағдай ма? ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінің психологы Мәншүк Құрманбекова осы мәселеге қатысты түсініктеме берді.
Маманның айтуынша, күзгі көңілсіздікті бірден депрессиямен байланыстыруға болмайды. Клиникалық депрессия – диагноз қоюды және маманның кәсіби бағасын қажет ететін жағдай. Ал маусым ауысуына байланысты көңіл күйдің уақытша төмендеуі көбіне ағзаның жаңа жағдайға бейімделуімен байланысты.
Күзде күн қысқарып, жарық мөлшері азаяды. Сонымен қатар күнделікті өмір ырғағы да өзгереді: балалар мектепке оралады, ересектер еңбек демалысынан кейін жұмыс тәртібіне көшеді, ата-аналардың отбасындағы күн тәртібі қайта қалыптасады. Мұның барлығы шаршау, зейіннің төмендеуі және тәбеттің өзгеруі сияқты белгілерге әсер етуі мүмкін.
Кәдімгі шаршау мен алаңдауға негіз болатын жағдайды қалай ажыратуға болады?
Мәншүк Құрманбекова қарапайым бір белгіге назар аударуды ұсынады. Егер жақсы ұйқыдан, таза ауада серуендегеннен немесе бірнеше күн бойы шамадан тыс күш түсірмегеннен кейін адамның жағдайы жақсарып, күнделікті тіршілігіне қайта оралса, бұл маусымдық өзгеріске тән уақытша әлсіздік болуы мүмкін.
Ал көңілсіздік екі аптадан астам уақытқа созылып, бұрын қуаныш сыйлаған дүниелерге қызығушылық жоғалса, мазасыздық пен шарасыздық сезімі күшейсе немесе ұйқының бұзылуы күнделікті өмірге кедергі келтірсе, маманға жүгінген жөн.
Күзгі кезеңді жеңіл өткізу үшін ең алдымен ұйқы режимін ретке келтіру маңызды. Бұл ағзаның күн ұзақтығының өзгеруіне бейімделуіне көмектеседі. Күндіз таза ауада серуендеп, жарық уақытта далада көбірек болған дұрыс. Үй мен жұмыс орнындағы жарықтандыруға да назар аудару қажет.
Тамақтану тәртібі де маңызды. Маман күзде тағам мөлшерін шектеудің орнына, рационның құнарлы әрі алуан түрлі болуына мән беруге кеңес береді. Күнделікті ас мәзірінде көкөністер мен жемістер жеткілікті болуы қажет.
Психологтың пікірінше, күзгі көңіл күйді жақсартудың ең қарапайым жолдары – күнделікті өмірге жағымды сәттерді көбірек енгізу. Серуендеу, музыка тыңдау, достармен кездесу, сүйікті іспен айналысу немесе үйде тыныш кеш өткізу адамның эмоционалдық жағдайына оң әсер етеді.
Сонымен қатар өз көңіл күйің туралы жақын адамдармен сөйлесуден тартынбаған жөн. Үнемі жоғары нәтиже көрсетуге немесе барлық істі мінсіз орындауға өзіңе талап қоя беру де қажет емес. Белсенді кезеңдердің уақытша баяулау кезеңдерімен алмасуы – өмірдің табиғи ырғағы.
Мәншүк Құрманбекова күзді тек шаршау мен көңілсіздік кезеңі ретінде қабылдамауға шақырады. Бұл – өмір қарқынын сәл бәсеңдетіп, өзіңе көңіл бөлуге, күн тәртібін қайта қарап, ағзаға демалыс беруге мүмкіндік беретін уақыт.
Ең маңыздысы – уақытша шаршау мен ұзаққа созылған эмоционалдық күйзелістің арасындағы айырмашылықты дер кезінде байқап, қажет болған жағдайда маман көмегіне жүгіну.