Қазақстанда квазимемлекеттік сектордың 5 453 ұйымы кадрлық есептің цифрлық форматына көшті.
2026 жылдың басынан бері «Бірыңғай кадр жүйесі» ақпараттық жүйесіне («БКЖ» АЖ) 2 500 ұйым қосылды, оның ішінде 1 050 ұйым үшінші тоқсанда қосылған.
Бірыңғай цифрлық платформаға көшу квазимемлекеттік сектордағы кадрлық әкімшілендіруді трансформациялаудың маңызды кезеңіне айналды.
Кадр қызметтері үшін қолмен атқарылатын операциялардың көлемі айтарлықтай қысқартылды. Жүйеде қызметкерлерді жұмысқа қабылдау, ауыстыру және жұмыстан босатуды қоса алғанда, шамамен 80 кадрлық процесс автоматтандырылып, стандартталды.
Цифрландырудың маңызды нәтижелерінің бірі - кадрлық құжаттарды рәсімдеуге кететін уақытты оңтайландыру болды. Бұрын бір құжатты дайындауға орта есеппен 30 минут кетсе, қазір бұл процесс 30 секундқа дейін қысқарды.
Бірыңғай цифрлық форматқа көшу аясында «БКЖ» АЖ-ға шамамен 818 мың қызметкер туралы деректерді енгізу жұмыстары жүргізілді. Шоғырландырылған деректер кадр қызметтеріне персонал туралы өзекті ақпаратқа жедел қол жеткізуге және кадрлық рәсімдерді бірыңғай жүйеде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Ұйымдарды «БКЖ» АЖ-ға қосу кезең-кезеңімен жүргізіледі және кадр қызметі мамандарын оқытумен, сондай-ақ пайдаланушыларға консультациялық және техникалық қолдау көрсетумен қатар жүреді.
«БКЖ» АЖ 2024 жылы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдардың кадрлық процестерін автоматтандыру жөніндегі Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес кең көлемде енгізіле бастады.
Жүйені әзірлеуші – Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Инженерлік-техникалық орталығы.