Аутоиммунды аурулар әртүрлі белгілермен көрінуі мүмкін. Олардың қатарында буындардың ауыруы мен ісінуі, таңертеңгілік қимылдың шектелуі, әлсіздік, тері бөртпелері, көз бен ауыз қуысының құрғауы бар. Алайда бір ғана симптомның болуы немесе аутоиммунды маркердің оң нәтиже көрсетуі диагноз қоюға жеткіліксіз. Ол үшін пациенттің жағдайын кешенді бағалау қажет.
ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы ауруханасында Аутоиммунды аурулар орталығы жұмыс істейді. Орталық мамандары ревматоидты және псориаздық артрит, анкилоздаушы спондилит, жүйелі қызыл жегі, жүйелі склеродермия, Шегрен синдромы, жүйелі васкулиттер және басқа да аурулары бар пациенттерді диагностикалау, емдеу және ұзақ мерзімді бақылаумен айналысады.
Аутоиммунды аурулар иммундық жүйе ағзаның өз жасушалары мен тіндеріне қателесіп шабуыл жасаған кезде пайда болады. Диагностикадағы қиындық - аурудың бастапқы кезеңдерінде оның белгілері нақты болмауы және басқа аурулардың симптомдарына ұқсас келуі. Сондықтан Орталық мамандары бір ғана талдауға немесе жеке көрсеткішке сүйенбейді. Дәрігер пациенттің шағымдары мен ауру тарихын бағалап, тексеру жүргізеді, зертханалық және аспаптық зерттеулердің нәтижелерін салыстырады және қажет болған жағдайда қосымша диагностикалық тексерулер тағайындайды.
Диагноз нақтыланғаннан кейін аурудың белсенділік деңгейі анықталады, ағзалардың зақымдану ықтималдығы бағаланады және пациентке жеке емдеу жоспары әзірленеді. Бұл ретте қатар жүретін аурулар, қауіп факторлары және пациенттің жеке ерекшеліктері ескеріледі.
Қазіргі ревматологиядағы негізгі қағидалардың бірі - treat-to-target, яғни нақты белгіленген терапиялық мақсатқа қол жеткізуге бағытталған емдеу тәсілі. Пациенттің жағдайы тұрақты түрде бағаланып, қажет болған жағдайда емдеу тактикасы түзетіледі. Медициналық көрсетілімдерге сәйкес иммундық-қабыну үдерісінің нақты буындарына әсер ететін таргеттік препараттар мен гендік-инженерлік биологиялық терапия қолданылады.
Аутоиммунды аурулар әртүрлі ағзалар мен жүйелерді зақымдауы мүмкін болғандықтан, қажет болған жағдайда емдеу процесіне Медициналық орталық ауруханасының нефрологтары, кардиологтары, пульмонологтары, неврологтары және басқа да бейінді мамандары тартылады. Ал Аутоиммунды аурулар орталығының ревматологы Гүлжан Көсеубаеваның айтуынша, мұндай жұмыстың маңызды бөлігі - тек медициналық көрсеткіштерді ғана емес, аурудың адамның күнделікті өміріне қалай әсер ететінін де ескеру.
«Басты қағида - ең алдымен диагноз бен талдау нәтижелерін ғана емес, адамның өзін көру. Біз үшін ауруды жай ғана бақылау емес, оның пациенттің күнделікті өміріне қалай әсер ететінін түсіну де маңызды», — дейді Гүлжан Көсеубаева.
Орталықтың жұмысы диагноз қойылып, дәрі-дәрмек тағайындалғаннан кейін аяқталмайды. Пациенттер динамикалық бақылауда болады. Мамандар аурудың белсенділігін қадағалап, емнің тиімділігі мен қауіпсіздігін бағалайды және қажет болған жағдайда емдеу тәсілін уақтылы түзетеді.
Мамандардың айтуынша, буындардағы ұзақ уақыт сақталатын ауырсыну мен ісіну, таңертеңгілік қимылдың шектелуі және басқа да тұрақты белгілер байқалған жағдайда жекелеген талдау нәтижелерін өз бетінше түсіндіруге тырыспай, жағдайды кешенді бағалау үшін дәрігерге жүгінген маңызды.