Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Биыл Цифрлық кодекс, «Жасанды интеллект туралы» Заң қабылданып, 2029 жылға дейінгі ауқымды цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын жаппай енгізуге арналған «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы бекітілді.
Бұл ретте цифрлық трансформацияның негізі технологиялардың өзінен емес, кәсіби IT-командадан басталатынын атап өткен жөн. Сондықтан Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы IT саласындағы кадр әлеуетін дамытуға негізгі фактор әрі жүйеаралық басымдық ретінде ерекше мән береді.
Бүгінде Президент Іс басқармасы жүйесінде мамандарды даярлаудың заманауи моделі қалыптасқан. Ол цифрлық сауаттылықты арттырудан бастап, жасанды интеллект технологияларын меңгеруге және өздерінің цифрлық өнімдерін әзірлеуге дейінгі кәсіби дамудың барлық деңгейін қамтиды. Сонымен қатар оқыту тек IT мамандарына ғана арналмаған. Цифрландыру қарқынды дамып жатқан қазіргі кезеңде заманауи цифрлық құралдар мен жасанды интеллект технологияларын меңгеру іс жүзінде әрбір қызметкер үшін маңызды құзыретке айналып отыр.
Мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мамандандырылған білім беру бағдарламалары аясында оқиды. Бұл курстардың басты ерекшелігі – олардың практикалық бағыты. Қатысушылар жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін зерделеп қана қоймай, нақты міндеттерді шешуге арналған өздерінің AI-агенттерін әзірлейді.
Корпоративтік оқытуға ерекше көңіл бөлінеді. «МТАЖО» АҚ базасында Президент Іс басқармасы жүйесіне қарасты ұйымдардың қажеттіліктері мен IT-индустриядағы заманауи үрдістер ескеріліп әзірленетін жеке оқу орталығы жұмыс істейді. Мұнда қызметкерлер машиналық оқытуды, жасанды интеллектті, деректерді талдауды, ақпараттық қауіпсіздікті және PMI мен IPMA халықаралық стандарттарына сәйкес жобаларды басқарудың заманауи тәсілдерін меңгереді.
Оқытуды баршаға қолжетімді ету мақсатында корпоративтік онлайн-платформа іске қосылды. Биылғы жылдың соңына дейін бұл платформада 500-ден астам қызметкер білім алады.
Алынған білім бүгінде нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Президент Іс басқармасы жүйесінде барлық ведомстволық бағынысты ұйымдардың деректерін біріктіретін Бірыңғай корпоративтік деректер қоймасы (Data Warehouse) құрылды. Оның негізінде Бірыңғай жасанды интеллект платформасы енгізілді. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау, персоналды басқару және HR-дамыту, мемлекеттік сатып алу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және басқа да бағыттар бойынша деректерді талдау мен өңдеуді жүзеге асыратын 12 мамандандырылған AI-агент әзірленді.
Сонымен қатар күнделікті қайталанатын операцияларды автоматтандыратын, талдамалық материалдарды дайындауды жеделдететін және қызметкерлерге күрделі әрі стратегиялық маңызды міндеттерді шешуге көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік беретін цифрлық сервистер енгізілуде.
Сонымен бірге кәсіби IT-мамандар командасы ақпараттық қауіпсіздікті күшейту, Ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталықтарын дамыту және заманауи IT-инфрақұрылымды қалыптастыру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді.
Құзыреттерді дамыту озық халықаралық тәжірибені зерделеусіз мүмкін емес. Президент Іс басқармасы жүйесінің өкілдері цифрлық технологияларды дамытуға арналған «Қытай – ШЫҰ» форумына қатысып үлгерді. Ал қыркүйек айында олар Нанкин қаласында өтетін «ШЫҰ ағашы» бағдарламасы бойынша оқудан өтуді жоспарлап отыр. Бағдарлама аясында қатысушылар Қытайдың цифрлық экономика саласындағы жетекші кәсіпорындарының базасында жасанды интеллект, бұлтты технологиялар және киберқауіпсіздік бағытындағы ең жаңа әзірлемелермен танысады.
Басшыларды даярлауға да ерекше назар аударылады. Себебі табысты цифрлық трансформация – бұл тек заманауи технологиялар ғана емес, олардың әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін басқарушылық шешімдер де.
Президент Іс басқармасы өз қызметкерлерінің цифрлық құзыреттерін жүйелі түрде дамыта отырып, алдағы цифрлық трансформацияның берік негізін қалыптастыруда. Бүгінде жаңа цифрлық сервистерді әзірлеудің, мемлекеттік процестердің тиімділігін арттырудың және мемлекеттік басқарудың заманауи жүйесін қалыптастырудың негізі – мамандардың білімі, кәсібилігі және үздіксіз дамуға дайындығы.
Кәсібиліктің жоғары маңызын ескере отырып, Президент Іс басқармасы қызметкерлері мен кәсіпорындарының IT-әлеуетін дамыту бағытындағы жүйелі жұмысты алдағы уақытта да жалғастырады. Атқарылып жатқан жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы тұрақты түрде келесі жарияланымдарда баяндаймыз.