Жазғы аптап ыстық әсіресе егде жастағы адамдар үшін қауіпті. Өйткені жас ұлғайған сайын ағзаның ыстыққа бейімделу қабілеті төмендейді. Адам кешірек шөлдейді, ал сұйықтықтың азаюы ауыр өтеді. Соның салдарынан сусыздану, күн өту және созылмалы аурулардың асқыну қаупі артады. Ұлттық госпитальдың гериатр дәрігері Әсемгүл Байкенованың айтуынша, ыстық күндері егде жастағы адамдар мен олардың жақындары денсаулық жағдайына ерекше көңіл бөлуі қажет.
Аптап ыстық жүрек пен қан тамырларына қосымша күш түсіреді. Әсіресе қан қысымы жоғары және созылмалы аурулары бар адамдардың қан қысымы құбылып, әлсіреуі, басының айналуы немесе жалпы жағдайының нашарлауы мүмкін.
Маман күннің ең ыстық уақыты – сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін сыртқа шықпауға кеңес береді. Егер далаға шығу қажет болса, көлеңкемен жүріп, бас киім кию немесе қолшатыр пайдаланған дұрыс.
Сұйықтықты жеткілікті мөлшерде ішу де өте маңызды. Қатты шөлдегенді күтпей, күні бойы суды жиі ішкен жөн. Газдалмаған таза су, қантсыз компот пен жеміс шырынынан дайындалған морс ағзаға пайдалы. Ал тәтті газдалған сусындар мен алкогольден бас тартқан дұрыс, өйткені олар ағзаның сусыздануын күшейтеді.
Үйдің ішін де барынша салқын ұстаған жөн. Ол үшін бөлмені таңертең және кешке желдетіп, күндіз терезе мен қалың пердені жауып қойған дұрыс. Кондиционерді тым төмен температураға қоймаған жөн, сондай-ақ желдеткіштің тура алдына отырмаған дұрыс.
Ыстық күндері табиғи матадан тігілген ашық түсті, кең киім киген дұрыс. Ауыр дене еңбегінен бас тартып, маңызды шаруаларды таңертең немесе кешкі салқын уақытта атқарған жөн. Ал қан қысымы жоғары адамдар қысымын тұрақты бақылап, дәрігер жазып берген дәрілерді уақытында қабылдауы қажет.
Жаз мезгілінде жеңіл тағамдарға басымдық берген дұрыс. Көкөніс, жеміс-жидек пен қышқыл сүт өнімдерін көбірек тұтынып, майлы әрі ащы тағамдарды шектеген жөн.
Күн өту мен ыстық өту адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Оның белгілеріне дене қызуының көтерілуі, қатты әлсіздік, бас айналу, сананың шатасуы, құрысу және есінен тану жатады. Мұндай жағдайда дереу жедел жәрдем шақыру қажет. Дәрігерлер келгенге дейін адамды салқын жерге апарып, таза ауа кіргізіп, қысып тұрған киімін босату керек. Егер есі анық болса, оған суды аз-аздан ішкізген жөн.
«Суды жеткілікті мөлшерде ішу, күннің астында ұзақ жүрмеу, үйдің ішін салқын ұстау және созылмалы ауруларды бақылауда ұстау сияқты қарапайым ережелерді сақтау – аптап ыстықтың зиянды әсерінен қорғануға және денсаулықты сақтауға көмектеседі», – дейді Әсемгүл Байкенова.