Қазіргі таңда адам миы күн сайын орасан зор ақпарат ағынымен бетпе бет келеді. Гаджеттерді үздіксіз пайдалану, бірнеше істі қатар атқару, өмір ырғағының жылдам болуы және созылмалы күйзеліс салдарынан адамдар есте сақтау қабілетінің әлсіреуін, зейіннің төмендеуін және тез шаршауды жиі байқай бастады. Медициналық орталық ауруханасының дәрігер невропатологы Ақбаян Жолдасбекованың айтуынша, мұндай шағымдар бүгінде тек егде жастағы адамдарда ғана емес, жастар мен орта жастағы азаматтар арасында да жиі кездеседі.
Соңғы жылдары жиі талқыланатын мәселелердің бірі – гипербелсенділік пен зейін жетіспеушілігінің синдромы. Алайда маманның айтуынша, зейін нашарлауының кез келген көрінісі бұл диагнозбен байланысты бола бермейді.
«Гипербелсенділік пен зейін жетіспеушілігінің синдромы мидың атқарушы функцияларының қалыптасу ерекшеліктерімен байланысты нейродамудың бұзылысы. Ал зейін қою мен есте сақтаудағы уақытша қиындықтар көбіне ұйқының жеткіліксіздігі, эмоциялық шамадан тыс жүктеме, күйзеліс және жоғары психикалық жүктемелердің салдарынан туындайды», – дейді Ақбаян Жолдасбекова.
Дәрігер когнитивтік денсаулықты сақтаудың негізгі шарттары ретінде сапалы ұйқыны, тұрақты дене белсенділігін, теңгерімді тамақтануды және күйзелісті тиімді басқаруды атады. Оның айтуынша, когнитивтік бұзылыстардың қауіп факторлары өзгермейтін және өзгертуге болатын боп бөлінеді. Өзгермейтін факторларға жас ұлғаюы мен тұқым қуалаушылық жатады. Ал өзгертуге болатын факторлар қатарында жүрек қан-тамырлары аурулары, темекі шегу, алкогольді шамадан тыс ішу, дене белсенділігінің төмендігі, созылмалы күйзеліс, ұйқыдағы апноэ синдромы және әлеуметтік оқшаулану бар.
Маман жас ерекшеліктеріне де тоқталды. Оның айтуынша, менопауза кезеңінде әйел ағзасындағы эстроген деңгейінің төмендеуі зейін қою мен есте сақтау қабілетіне уақытша әсер етуі мүмкін. Дегенмен көп жағдайда мұндай өзгерістер функционалдық сипатта болады және уақыт өте келе немесе өмір салтын түзету арқылы азаяды.
Ақбаян Жолдасбекова есте сақтау мен зейінге қатысты қиындықтар тұрақты сипат алып, адамның өмір сүру сапасына әсер ете бастаған жағдайда маманның көмегіне жүгіну қажеттігін атап өтті. Жиі ұмытшақтық, жаңа ақпаратты есте сақтаудың қиындауы, оқу немесе жұмыс барысында зейін қоюдың қиындауы, тұрақты психикалық шаршау сезімі, күнделікті дағдылы істерді орындаудағы қиындықтар, сондай ақ мінез құлықтағы немесе есте сақтаудағы өзгерістерді жақындардың байқай бастауы дәрігерге қаралуға негіз бола алады.
Қазіргі медицинада когнитивтік бұзылыстарды ерте анықтауға мүмкіндік беретін әдістер кеңінен қолданылады. Медициналық орталық ауруханасында когнитивтік функцияларды бағалау үшін халықаралық скринингтік тесттер, зертханалық және аспаптық зерттеулер жүргізіледі. Қажет болған жағдайда пациенттерге магниттік резонанстық томография немесе компьютерлік томография тағайындалады. Сонымен қатар мультидисциплинарлық тәсіл аясында психолог пен психотерапевттің кеңесі де ұсынылады.