Басты бетСЭСО мамандары мол өнім алу топырақ тексерісінен басталатынын ескертеді

СЭСО мамандары мол өнім алу топырақ тексерісінен басталатынын ескертеді

СЭСО мамандары мол өнім алу топырақ тексерісінен басталатынын ескертеді СЭСО мамандары мол өнім алу топырақ тексерісінен басталатынын ескертеді

Болашақ өнімнің сапасы көп жағдайда топырақтың жай-күйіне және тыңайтқыштарды дұрыс қолдануға байланысты. Алайда сырт көзге құнарлы болып көрінетін жердің өзінде өнімділікке ғана емес, өсірілетін өнімнің қауіпсіздігіне кесірін тигізуі етуі мүмкін заттар болуы ықтимал. Сондықтан мамандар топырақ пен тыңайтқыштардың құрамындағы нитраттар мен ауыр металдарды анықтау үшін зертханалық зерттеулерді тұрақты түрде жүргізуді ұсынады.

Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының химиялық зерттеулер зертханасының меңгерушісі Әлия Бейсембаеваның айтуынша, мұндай зерттеулер ықтимал қауіптерді дер кезінде анықтауға және оларды жою бойынша шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

«Зертханалық талдау топырақтың жағдайын бағалауға, нитраттар деңгейін анықтауға және ауыр металдармен ластану фактілерін анықтауға көмектеседі. Бұл тыңайтқыштарды ұтымды пайдалануға және ауыл шаруашылығы өнімдерін қауіпсіз өндіруге мүмкіндік береді», – дейді маман.

Топырақ сапасының нашарлауының ең жиі кездесетін себептерінің бірі – тыңайтқыштарды дұрыс қолданбау. Өнімділікті арттыруға ұмтылған кейбір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен үй іргесіндегі жер телімдерінің иелері өсімдіктерге қажетті мөлшерден артық азотты тыңайтқыштарды себеді. Соның салдарынан топырақта және өсірілген өнімде нитраттар жиналуы мүмкін.

Нитраттар өсімдіктердің қалыпты өсуі мен дамуы үшін қажет болғанымен, олардың шамадан тыс мөлшері көкөністердің, жемістердің және көк шөптердің сапасына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан мамандар топырақтағы нитраттардың деңгейін бақылап, тыңайтқыштарды енгізу нормаларын сақтауды ұсынады.

Зерттеулердің тағы бір маңызды бағыты – ауыр металдарды анықтау. Оларға қорғасын, кадмий, сынап, күшән, хром және басқа да элементтер жатады. Ластану көздері ретінде өнеркәсіптік шығарындылар, көлік магистральдары, сапасыз тыңайтқыштарды қолдану және өсімдіктерді қорғауға арналған химиялық құралдарды ұзақ уақыт пайдалану қарастырылады.

Ауыр металдардың ерекшелігі – олардың топырақта ұзақ жылдар бойы жиналып, біртіндеп өсірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарына өту қабілетінде. Сонымен қатар мұндай ластануды көзбен көру мүмкін емес, оны тек зертханалық зерттеулер арқылы ғана анықтауға болады.

Мамандар топырақты ауыл шаруашылығы маусымы басталар алдында, жаңа жер учаскесін игеру кезінде, тыңайтқыштарды ұзақ уақыт қолданғаннан кейін, сондай-ақ өнімділіктің еш айқын себепсіз айтарлықтай азайған жағдайда тексеруді ұсынады.

Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығында зерттеулер нитраттардың концентрациясын және топырақ пен тыңайтқыштардағы ауыр металдардың мөлшерін жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік беретін заманауи талдау әдістері арқылы жүргізіледі.

Биыл жыл басынан бері Орталық мамандары топырақ пен тыңайтқыштардың 25 сынамасын зерттеп, 288 зертханалық талдау жүргізді. Оның ішінде ауыр металдардың құрамын анықтау бойынша 60 зерттеу жүргізіліп, нәтижесінде хром мөлшері бойынша 12 сәйкессіздік анықталды. Бұдан бөлек, нитраттардың құрамын анықтау бойынша 25 зерттеу өткізілді.

Зерттеу қорытындысы бойынша тапсырыс берушілерге зертханалық зерттеулердің ресми хаттамасы беріледі. Бұл құжат жер учаскесін одан әрі пайдалану, тыңайтқыштарды таңдау және ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру бойынша негізделген шешімдер қабылдауға көмектеседі.

Мамандардың айтуынша, тұрақты зертханалық бақылау топырақтың құнарлылығын сақтауға, тыңайтқыштарды ұтымды пайдалануға, өндірістік тәуекелдерді азайтуға және өнім қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өйткені ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы ең алдымен сол өнім өсірілетін жердің сапасынан басталады.