Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасына қарасты ұйымдар «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы экологиялық бастамалардың жүзеге асырылуын жалғастырып келеді. Кезекті экологиялық іс-шара Астана қаласындағы Астрахань тасжолы бойында орналасқан Сарыарқа ауданының қар полигоны аумағында өтті.
Сенбілікке Автошаруашылық, Инженерлік-техникалық орталық және «Қазқұрылысжүйесі» ЖШС-нің 100-ден астам қызметкері қатысты. Жиналған қоқысты шығару үшін тракторлар мен жүк көліктерін қоса алғанда, төрт арнайы техника жұмылдырылды.
Қар ерігеннен кейін полигон аумағында пластик бөтелкелер, полиэтилен пакеттер, қағаз және тұрмыстық қатты қалдықтардың басқа да түрлері жиналған. Тазалық жұмыстары барысында қатысушылар шамамен 150 қап қоқыс жинап, аумақтың едәуір бөлігін қыс мезгілінде қордаланып қалған қалдықтардан тазартты.
Президент Іс басқармасында «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы экологиялық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазан айының соңына дейін ведомствоға қарасты ұйымдар тағы 20-дан астам экологиялық іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.
Президент Іс басқармасы жүйесінің қызметкерлері абаттандыру, санитариялық тазалық және көгалдандыру жұмыстарына үзбей қатысып, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға әрі табиғатқа ұқыппен қарау мәдениетін қалыптастыруға өз үлестерін қосып келеді. Жыл басынан бері 8 сенбілік өткізіліп, оған шамамен 2800 қызметкер қатысты. Іс-шаралар аясында жалпы саны 2320-ға жуық қап қоқыс жиналды.