Бүгінде медбике мамандығы денсаулық сақтау жүйесіндегі көмекші рөл туралы қалыптасқан дәстүрлі түсініктен әлдеқайда ауқымды мәнге ие. Қазіргі медбике ісі кәсіби құзыреттерді дамытуды, медициналық көмектің сапасын басқаруды және пациенттерді емдеудің барлық кезеңінде сүйемелдеуді қамтиды. Осы және өзге де мәселелер бүгін ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының базасында басталған Дүниежүзілік медбикелер күніне арналған «Денсаулық сақтаудың заманауи бағдарлары: өкілеттік беру, сапа, қауіпсіздік» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында талқыланды.
«Бүгінде медбике ісін дамыту заманауи денсаулық сақтау жүйесінің маңызды құрамдас бөліктерінің бірі. Орта медицина қызметкерлері пациентті медициналық көмек көрсетудің барлық кезеңінде күн сайын сүйемелдеп, емдеу үдерісінің сапасын, қауіпсіздігі мен үздіксіздігін қамтамасыз етеді. Сондықтан мұндай алаңдар кәсіби диалог, тәжірибе алмасу және саланы дамытудың жаңа тәсілдерін қалыптастыру үшін аса маңызды», – деді конференция барысында ҚР ПІБ Медициналық орталығы емдеу-профилактикалық көмекті ұйымдастыру басқармасының басшысы Шакизат Халықова.
Конференция аясында қатысушылар Қазақстандағы медбике ісінің қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын, медбикелік практикаға цифрлық шешімдер мен заманауи технологияларды енгізу мәселелерін, кадр даярлау және жоғары медбикелік білімді дамыту бағыттарын талқылады.
Денсаулық сақтау министрлігінің, ҚР ПІБ Медициналық орталығының, Nazarbayev University, С. Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының, Ұлттық нейрохирургия орталығының, UMC корпоративтік қорының және еліміздің өзге де жетекші медициналық ұйымдарының өкілдері баяндама жасады.
Ұлттық госпитальдің медбике қызметінің менеджері, медицина саласында 40 жыл еңбек өтілі бар Майра Байсқақова бүгінде медбикелердің міндеттері едәуір кеңейгенін атап өтті.
«Қазіргі таңда біздің жұмыс тек бақылаумен шектелмейді. Біз ғылыми қызметпен айналысамыз, инновациялар енгіземіз, бөлімшелерді аккредиттеуге дайындаймыз, жобалар әзірлейміз. Міндеттер ауқымы әлдеқайда кеңейді», – деді ол.
Ұлттық госпитальде жүйе заманауи технологиялар негізінде жұмыс істейді. Медбике ісін басқару және дамыту секторы қызмет басшысынан, негізгі бағыттар бойынша үш медбике ісі менеджерінен және аудит менеджерінен тұрады. Мұндай құрылым жұмысты жүйелі ұйымдастыруға және пациентке бағдарланған күтім моделіне басымдық беруге мүмкіндік берді. Өзгерістер персоналдың кәсіби дамуына да әсер етті. Соңғы екі жылда Ұлттық госпитальдегі медициналық мейіргерлердің білім деңгейі 31%-ға артты. Қызметкерлердің бакалавр дәрежесін алуы жиілеп, бұл медбике мамандығының мәртебесін нығайтуға және мамандардың құзыреттерін кеңейтуге ықпал етуде.
Ұлттық госпитальдің терапиялық қызмет медбике бөлімінің менеджері Мадина Кенжебекова бүгінде тек персонал жұмысын бақылауға ғана емес, медициналық көмек көрсету үдерістерінің сапасына да ерекше назар аударылатынын айтты.
«Тәуекелдерді барынша азайту үшін оқыс оқиғалардың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіледі. Сонымен қатар оқытуға да үлкен көңіл бөлінеді. Біздің қызметкерлер тұрақты түрде біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, тренингтер мен тәжірибелік сабақтарға қатысады», – деді Мадина Кенжебекова.
Ұлттық госпиталь қызметкерлері медбике ісін дамыту және заманауи басқару тәсілдерін енгізу бүгінде жалпы денсаулық сақтау жүйесіне оң ықпал етіп отырғанын атап өтті. Пациенттердің дәрігерлер мен медбикелерге деген сенімі артып, ұжым ішінде кәсіби өсу мен дамуға қолайлы орта қалыптасып келеді.