Басты бетҚазақстандық эпидемиологтар Наурызда тағамнан уланудан қалай сақтануға болатынын айтты

Қазақстандық эпидемиологтар Наурызда тағамнан уланудан қалай сақтануға болатынын айтты

Қазақстандық эпидемиологтар Наурызда тағамнан уланудан қалай сақтануға болатынын айтты

Наурыз мейрамы қарсаңында Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының мамандары тағам қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңыздылығына назар аударады. Дәстүрлі мол дастарқан мейрамның ажырамас бөлігі. Алайда дәл осы мейрам қарсаңында тағамның ұзақ сақталуы мен оны көп көлемде даярлауына байланысты улану және жіті ішек инфекцияларының қаупі артады.

Мерекелік дастарқанда әдетте наурыз көже, ет тағамдары, бауырсақ, сондай-ақ қымыз, шұбат және айран ұсынылады. Ет пен сүт қосылған тағамдар бөлме температурасында тез бұзылады. +20 °C температурада микроорганизмдер жылдам көбейеді, сондықтан жаңа дайындалған тағамның өзі бірнеше сағаттың ішінде бұзылуы мүмкін. Осыған байланысты Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы мамандары сүт өнімдері қосылған сусындарға ерекше назар аударуға шақырады. Қымыз бен шұбат пайдалы болғанымен, оларды сақтау кезінде температуралық режимді қатаң сақтау қажет.

Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының стратегиялық жоспарлау, мониторинг және жұмыстарды талдау департаментінің директоры Әсем Ибраеваның айтуынша, тағамдық уланудың негізгі себептері – дайын тағамды бөлме температурасында сақтау, тағамды тұтынудан 12–24 сағат бұрын дайындау, шикі немесе пастерленбеген сүтті пайдалану, жеке гигиена ережелерін сақтамау, сондай-ақ өнімдерді рұқсат етілмеген сауда орындарынан сатып алу.

Оның сөзінше, тағамды дұрыс дайындаумен қатар, температуралық режимді қатаң сақтау маңызды: ыстық тағамдар кемінде +60 °C температурада сақталуы тиіс, ал суық тағамдар +5 °C дейінгі температурада тоңазытқышта сақталуы керек. Дайын тағамдарды 2–4 сағат ішінде тоңазытқышқа қою қажет.

Орталықта сондай-ақ зертханалық бақылаудың маңыздылығы атап өтіледі. Мамандар тағам өнімдерін, суды және шикізатты патогенді микроорганизмдер мен токсиндердің болуына тексереді. Бұл қауіпті өнімдерді дер кезінде анықтап, инфекциялардың таралуын болдырмауға мүмкіндік береді.

Тағамдық улану белгілері – жүрек айнуы, құсу, диарея, дене қызуының көтерілуі, іштің ауыруы және әлсіздік байқалған жағдайда, дереу медициналық көмекке жүгініп, өзін-өзі емдеуден бас тарту қажет.

Қарапайым санитарлық ережелерді ескеру денсаулықты сақтап, Наурыз мейрамын қауіпсіз қарсы алуға мүмкіндік береді.