Басты бет«Заң мен тәртіп» қағидаты – құқықтық мемлекет пен қоғамның тұрақты дамуының негізі

«Заң мен тәртіп» қағидаты – құқықтық мемлекет пен қоғамның тұрақты дамуының негізі

«Заң мен тәртіп» қағидаты – құқықтық мемлекет пен қоғамның тұрақты дамуының негізі

Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығының (МТАЖО) кәсіби және білім беру қызметінде құқықтық сауаттылық пен жауапкершілік және қабылданатын шешімдердің сапасына қатысты мәселелер қашанда өзекті. 

Орталық сарапшысы Мейрам Нұркеновтің пікірінше, дәл осы практикалық деңгейде «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамның орнықты дамуы үшін айрықша мәнге ие.

Көп жағдайда қоғамдық санада заң формалды талаптардың жиынтығы ретінде қабылданады. Алайда шынайы тәжірибеде ол нақты іс-әрекеттерден көрініс табады. Оның ішінде құжаттарды рәсімдеу тәртібінде, басқарушылық шешімдерді қабылдауда, еңбек қатынастарын ұйымдастыруда өзекті.

Сарапшының айтуынша, құқықтық түйткілдердің едәуір бөлігі қасақана құқықбұзушылықтан емес, нормаларды дұрыс түсінбеуден, ескірген тәсілдерді қолданудан және жүйелі оқытудың жеткіліксіздігінен туындайды. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидаты жай ұран емес, кәсіби қызметтің нақты бағытына айналуы тиіс.

Әсіресе әлеуметтік және медициналық сала мамандары күрделі құқықтық реттеу жағдайында жұмыс істейді. Білместіктен кеткен қателіктер шағымдар мен тексерістерге, репутациялық және ұйымдастырушылық тәуекелдерге әкелуі мүмкін. Сарапшының көзқарасы бойынша, құқықтық сауаттылық – тек заңнаманы білу емес, сонымен бірге шешім қабылдау алдында құқықтық тәуекелдерді бағалау, нормаларды нақты жұмыс барысында дұрыс қолдану, ішкі үдерістер мен кәсіби коммуникацияны сауатты ұйымдастыру, жауапкершілік шегін айқындау қабілеті.

Осындай саналы көзқарас ұйымдардың тұрақтылығын нығайтып, қоғам сенімін арттырады. МТАЖО тәжірибесі құқықтық мәдениетті қалыптастырудың ең тиімді жолы – тәжірибеге бағытталған оқыту екенін көрсетеді. Семинарлар мен тренингтер барысында мамандар күнделікті қызметте кездесетін типтік жағдайларды талдап, заң талаптарын формалды түрде емес, мазмұнды әрі жауапкершілікпен қолдануға үйренеді. Бұл тәсіл құқықтық қателіктердің алдын алуға және заң талаптарын сақтау кәсіби ортаның табиғи бөлігіне айналуына ықпал етеді.

«Заң мен тәртіп» қағидатын қатаң бақылау құралы ретінде емес, құқықтық мәдениет пен кәсіби жауапкершіліктің іргетасы ретінде қарастырған жөн. Оны іске асыру құқықтық сауаттылықты арттырудан, сапалы оқытудан және қабылданатын шешімдерге саналы көзқарас қалыптастырудан басталады.

МТАЖО-ның сарапшылық тәжірибесі көрсеткендей, заң күнделікті практикада нақты жұмыс құралына айналған жағдайда ғана қоғамның тұрақты дамуы қамтамасыз етіледі.