Қасиетті Рамазан айы қарсаңында мұсылман қауым рухани жаңаруға және ораза ұстауға дайындалады. Алайда мамандар күнделікті тамақтану тәртібінің өзгеруі мен ұзақ уақыт бойы судан бас тарту ағзаға салмақ түсіретінін, сондықтан денсаулыққа баса мән беру қажеттігін ескертеді. Осы ретте Ұлттық госпитальдің гастроэнтеролог дәрігері Нәзира Мәндібаева өз кеңестерімен бөлісті.
Дәрігердің айтуынша, оразаға дайындықты алдын ала бастаған дұрыс. Ағза ауыз бекіту кезіндегі жаңа режимге жеңіл бейімделуі үшін тамақтану тәртібі мен күн тәртібін біртіндеп өзгерту қажет. Ауыр әрі майлы тағамдарды, жалпы тамақ мөлшерін азайтып, неғұрлым құнарлы тағамдарға басымдық беру пайдалы. Сондай-ақ, әсіресе асқорыту жүйесінде проблемалары немесе созылмалы аурулары бар адамдар ораза басталар алдында денсаулығын тексертіп, дәрігер кеңесін алғаны жөн.
Маман ауызашар кезіндегі тамақтануға баса назар аударуға кеңес береді. Бірден шамадан тыс тамақтану немесе майлы тағамдарды көп жеу асқазан-ішек жолдарына ауырлық түсіріп, жайсыздық пен ауруларды асқындыруы мүмкін. Сондықтан ауызды су не болмаса жеңіл тағаммен ашып, кейін біртіндеп негізгі асқа көшкен абзал. Ең бастысы, тамақтануда шектен шықпау.
Гастроэнтерологтың сөзінше, денсаулығына байланысты кейбір адамдар ораза ұстауда абай болуы тиіс. Олардың қатарында асқазан және ұлтабар ойық жарасы, бауыр мен ұйқы безінің созылмалы аурулары, сондай-ақ өт-тас дерті бар науқастар бар. Мұндай жағдайда міндетті түрде дәрігерден жеке кеңес алу қажет.
Сонымен қатар дәрігер ата-аналарға балалар мен жасөспірімдердің ораза ұстауына қатысты ойланып шешім қабылдауды ұсынады. Жас ағза тұрақты тамақтану мен жеткілікті сұйықтықты қажет етеді. Бұл ретте ауыз бекіту баланың әлсіздігіне, зейінінің төмендеуіне және жалпы денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан ересектер баланың жағдайын ескеріп, жауапкершілікпен қарағаны абзал.
Маман сөзінше, оразаның басты мақсаты рухани кемелдену. Дегенмен денсаулықты сақтау әрбір адам үшін негізгі басымдық болуы тиіс. Саналы көзқарас пен орынды шектеулер Рамазан айын ағзаға артық салмақ түсірмей өткізуге мүмкіндік береді.