Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының әкімшілік ғимараттары дирекциясы» ШЖҚ РМК ұжымында 20 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келе жатқан шеф-аспаз Гүлмира Райханованың еңбек жолы туралы әңгімелейміз.
Кейіпкеріміз ресми іс-шаралардың ас-суын ұйымдастыруға, мәзірін құруға және тағам сапасын бақылауға жауап береді.
Гүлмира Райханова 1976 жылғы 6 шілдеде Жамбыл облысы, Жаңатас қаласында дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен кейін бірнеше жұмыс мамандығын игерген: 3-ші разрядты аспаз, тігінші, хатшы-машинист, кейіннен «техник-технолог» мамандығы бойынша қашықтықтан білім алған.
Мамандығына деген қызығушылығы бала кезінен басталған: Гүлмира журналдардан тамақ рецептерін жинап, өз қолымен пісіруге әуестенген. Отбасы мен үйдегі асхана оның шабыт көзі болған.
Бастапқы кәсіби дағдыларын ол «Қаратау-сүт» зауытында мұздатылған тәттілер мен торт жасап жүріп үйренді, кейін ресми іс-шараларға арналған тағамдармен жұмыс істей отырып, шеберлігін жетілдірді.
Гүлмира Райханова әлемді аралап, гастрономиялық саяхат жасауға армандайды, түрлі елдердің асханаларын зерттеп, тәжірибе жинағысы келеді. Ол жас әріптестеріне «Қорықпаңыздар. Асханада ең маңыздысы — еңбекқорлық пен сабыр»,- деп кеңес береді.