Кеше, яғни, 21 қыркүйек күні Дүниежүзілік Альцгеймер ауруымен күрес күні атап өтілді. Осы датаға орай, британдық ғалымдар JAMA Network Open журналында көпжылдық зерттеу нәтижесін жариялады. Зерттеу нәтижесінде, велосипедпен серуендеу аурудың даму қаупін шамамен 20%-ға төмендететіні анықталып отыр.
Бұл зерттеуге 480 мыңға британдық қатысқан. Неврологтардың мәліметінше, тұрақты түрде велосипед тебу деменцияның даму ықтималдығын 19%-ға азайтады. Жаяу жүру де оң әсер етеді, бірақ оның нәтижесі тек белсенді қимылдағанда және біртіндеп қарқынды арттырғанда ғана байқалады.
Бүгінде бүкіл әлемде шамамен 55 миллион адам Альцгеймер ауруына шалдыққан, 2050 жылға қарай олардың саны үш есе артуы мүмкін. Бұл ауруды алғаш рет XX ғасырдың басында неміс неврологы Алоис Альцгеймер сипаттап, ол есте сақтау мен сөйлеу қабілетінің жойылуына әкелетін ми жасушаларының жойылуын жіктеген болатын.
«Оған дейін бұл белгілер жай ғана мидың қартайғаны деп саналған. Қазір өмір сүру ұзақтығы артты, жақсы диагностика пайда болды, сондықтан біз бұл диагноз қойылған адамдардың көбейгенін көріп отырмыз», – деді Президент Іс басқармасы Ұлттық госпиталінің неврологы Фатима Ысқақова.
Оның айтуынша, медицина әзірге ауруды толық емдеуді меңгерген жоқ, дегенмен дәрі-дәрмектің, дене белсенділігінің көмегімен оның дамуын баяулатуға болады.
«Дене белсенділігіне мен саусаққа арналған жаттығуларды қосар едім, өйткені саусақ мимен өте тығыз байланысты. Біз науқастарға кітап оқытамыз, сурет салдырамыз, мүсін жасатамыз, тоқытамыз, тігуді, жазуды және көбірек сөйлесуді ұсынамыз», – деді дәрігер.
Ол тіпті адамның жазу үлгісіне қарап, жадының жағдайын бағалауға болатынын атап өтті. Мәселен, жазуы нашарлап, түсініксіз бола бастаса, когнитивті құлдырау қаупі жоғарылайды. «Өкінішке қарай, қазір адамдар қолмен аз жазады – бұл мидың жұмысын шектейді», – деп толықтырды Ф.Ысқақова.
Осы тақырыпта толығырақ мына сілтемеден оқуға болады https://t.me/eurasia1tvkz/40860