


ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының Референс-зертханасы маусымдық көкөністер мен жемістердегі нитраттардың қаупі туралы ескертеді және тұтынушыларға оларды қалай анықтап, қауіптен сақтануға болатыны жөнінде ұсыныстар береді. Бұл туралы kaznovosti.kz хабарлады.
Нитраттар — өсімдіктердің өсуіне қажет элемент болғанымен, олардың артық мөлшері адам ағзасына зиян. Ағзада нитраттар нитриттерге айналып, гемоглобиннің қызметін бұзады. Бұл оттегінің тіндерге жетуін қиындатып, әлсіздік, бас айналу, жүрек соғуының жиілеуі, балаларда еріннің көгеруі сияқты белгілерге алып келуі мүмкін. Ауыр жағдайларда метгемоглобинемия дамуы мүмкін, ол өмірге қауіп төндіреді. Балалар, жүкті әйелдер мен созылмалы аурулары бар адамдар үшін нитраттық жүктеме аса қауіпті.
Қауіп тудыруы мүмкін өнімдер қатарына маусымнан тыс сатылатын қарбыз бен қауын, қызылша, шалғам, шпинат, орамжапырақ, жылыжайда өсірілген қияр мен қызанақ, жапырақты көкөністер жатады. Ірі және тым ашық түсті өнімдер, ішкі талшықтары күлгін немесе сарғыш реңкті жемістер — нитрат мөлшерінің артық екенін көрсетуі мүмкін.
Нитраттарды дәм немесе иіс арқылы анықтау мүмкін емес, сондықтан қауіпсіздік үшін бірнеше қарапайым шараларды сақтау қажет: көкөністер мен жемістерді жылы сумен мұқият жуу, қабығын аршу, тамыржемістердің үстіңгі қабатын кесіп тастау, көкөністерді кемінде 15 минут суға салып қою, мүмкіндігінше қайнатып немесе пісіру арқылы тұтыну. Қарбыз бен қауынды тек бүтін күйінде сатып алып, кесілгеннен кейін бірден тоңазытқышқа салып, 24 сағат ішінде пайдалану ұсынылады.
Нитраттарды толықтай болдырмау мүмкін емес, алайда олардың әсерін азайтуға болады. Ол үшін ашық топырақта өсірілген маусымдық өнімдерге басымдық беріп, белгісіз көктерді шамадан тыс қолданбау керек. Балалардың рационына жаңа өнімдерді енгізгенде сақ болған жөн. Өнімнің нақты құрамын білгісі келетіндерге Референс-зертхана зертханалық талдау жүргізуге кеңес береді.
Толығырақ мына сілтеме арқылы оқуға болады.