



2025 жылғы 20 сәуірде Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы мен Инженерлік-техникалық ҚР ПІБ орталығы өкілдерінің Корея мемлекеттік басқару институты (KIPA) департаментінің директоры Хон Сын Хон мырзамен (Hong Seung-Hun) жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар мемлекеттік басқаруға цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу, сондай-ақ мемлекеттік секторды цифрлық трансформациялау бағытындағы ынтымақтастық перспективаларын және тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін талқылады.
Корея мемлекеттік басқару институты (KIPA) — Корея Республикасы Премьер-министрінің жанындағы мемлекеттік сараптамалық орталық. Ол мемлекеттік басқару, реттеу және цифрлық трансформация салаларында зерттеулер жүргізіп, мемлекеттік органдарға сараптамалық қолдау көрсетеді әрі мемлекеттік қызметшілерге арналған білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады.
Сапар аясында Хон мырза RegNavigator цифрлық платформасын таныстырды — бұл нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлеу кезеңінде бағалап, олардың ықтимал салдарын болжауға арналған инновациялық аналитикалық құрал. Платформа мемлекеттік реттеудің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған.
Өз кезегінде, Инженерлік-техникалық орталығы өздерінің негізгі цифрлық әзірлемелерін таныстырды. Олардың қатарында: Бірыңғай кадрлық жүйесi (БКЖ), Ұлттық жобаларды жобалық басқару және мониторинг жүргізу платформасы, Веб-портал, Ахуалдық-талдамалық кешені (АТК), Интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы (ИРБП) және басқа да шешімдер бар.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы цифрлық шешімдер саласындағы ынтымақтастықты жалғастыруға және тәжірибе алмасуға дайын екендіктерін білдірді.