Бүгін елордадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде ҚР Президентінің Іс басқармасының орталық аппараты мен қарасты ұйымдар қызметкерлерінің арасында қазақ күресінен жарыс өтті.
Турнирде 2 салмақ дәрежесінде 78 балуан балуан бақ сынады.
Жарыстың ашылу рәсімінде ҚР ПІБ аппаратының басшысы Серік Кенжебаев сөз алды.
– Қазақша күрес күш пен ептілікті ғана емес, қайсарлық пен төзімділікті, қарсыласқа деген құрметті де қажет етеді. Сол үшін де ол ежелден бері келе жатқан ұлттық спорт түрлерінің бірі.
Жақында ғана өткен Көшпенділер ойыны көрсеткендей, қазақша күрес ел арасында өте танымал, – деген С. Кенжебаев балуандарға сәттілік тіледі.
Одан кейінгі кезекте Қазақ Ұлттық өнер университетінің талантты балаларға арналған мамандандырылған мектебінің шәкірті А. Дәненова фортепианомен классикалық шығармаларды орындады. Қазақ ұлттық «Qazaq kuresi» республикалық қауымдастығына қарасты спорт мектебінің шәкірттері шеберліктерін паш етіп, боз кілем үстінде түрлі айла-әдістерді көрсетті. «Ай-Ару» ұлттық би тобы өз өнерлерін ортаға салды.
Сайыс басталмас бұрын бас төреші Самырат Әбдірахман қазақ күресінің ережесін қатысушылардың есіне кезекті мәрте салды. 5 минутқа созылатын белдесу кезінде балуан қарсыласын қандай да бір әдіспен жығуға тиіс. Тебуге, тістеуге немесе басқа да тыйым салынған тәсілді қолдануға тыйым салынғанын олар жақсы біледі.
Спорт сайысына халықаралық деңгейдегі білікті мамандардан жасақталған төрешілер бригадасы төрелік жасағанын ескерсек, әуесқойлар арасындағы сайыстың деңгейі өте жоғары болғанын аңғаруға болады. Іле-шала бозкілемге балуандар шықты.
Қатысушылар 82 килоға дейінгі және 82 килодан жоғары салмақта белдесті. Олар жарысқа бірнеше ай бойы дайындалып, турнир басталарға бірнеше күн қалғанда арнайы кәсіби әзірліктен өткенін айта кетейік.
Сонымен, балуандардың боз кілемдегі бәсекесінде 82 килоға дейінгі салмақта бас жүлдені Мемлекеттік резиденциялар дирекциясының қызметкері Райымбек Жүлмағамбетов жеңіп алды. Ол бес кездесу өткізіп, барлығында үздік шықты.
Әкімшілік ғимараттар дирекциясының намысын қорғаған Мереке Мұрат ақтық сынға дейін қарсылас шақ келтірмеген еді. Бас бәйгеге сынық сүйем қалғанда сүрінген балуан екінші орынды еншіледі.
Президент Телерадиокешенінің намысын қорғаған әріптесіміз Нұрболат Құлманов тамаша өнер көрсеткенін атап өткен жөн. Ол жүлделі орынға қол жеткізіп, үшінші орынды иеленді.
Көрермендердің қызу қолдаумен өткен алыптар бәсекесі де тартысқа толы болды. Бұл сында ҚР Президентінің Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясының намысын қорғаған Аман Түгелбай 6 қарсыласының жауырынын жер иіскетіп, бас бәйгені жеңіп алды.
Аманның інісі әрі бір мекемеде істейтін әріптесі Есен Түгелбай да ақтық кезеңге шыққанын, сөйтіп екінші орынды иеленгенін айта кетейік. Яғни, ҚР Президентінің Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы ауыр салмақта екі жоғары жүлденің екеуін де алды.
ҚР Президенті Іс басқармасының орталық аппаратында қызмет атқаратын Бақтияр Серікбайдың күресі көпшіліктің көңілінен шықты. Боз кілемде аянбай өнер көрсеткен Бақтияр үшінші орынды қанжығасына байлады.
Бақтияр Серікбай мен Аман Түгелбай өткен жылы да қазақ күресінен өз ұжымдарының намысын қорғап, екеуі де жүлдегер болғанын айта кетейік.
Осылайша, көпшіліктің делебесін қоздырған бәсеке мәреге жетті. ҚР ПІБ Ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің меңгерушісі Ербол Адаев марапаттау рәсімінде сөз алып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтады. Спорт бәсекесі Республика күніне орайлас өткізілгенін атап өтіп, баршаға табыс тіледі.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерге арнайы кубок пен медальдар, естелік сыйлықтар тапсырылды.
Спартакиада аясында қатысушылар қазақ күресінен бөлек, спорттың тағы 6 түрінен бақ сынап жатқанын айта кетейік.
Дәстүрлі турнир жыл соңында волейбол сайысымен түйінделуге тиіс.