Бүгін ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтында Медиацияны дамыту тұжырымдамасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Парламентаризм институты мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бірлесіп ұйымдастырды.
Алқалы жиын барысында 2025-2030 жылдарға арналған Соттан тыс медиация институтын дамыту тұжырымдамасының негізгі бағыттары сөз болды. Бұл құжатта медиацияның қазіргі ахуалы сарапталып, халықаралық тәжірибе зерттелген. Сондай-ақ болашақта жүзеге асырылуы тиіс шаралар мен күтілетін нәтижелер көрсетілген.
Тұжырымдаманы әзірлеушлердің айтуынша, бұл салада салада түбегейлі реформа қажет. 2022 жылы тиісті заңға енгізілген өзгерістер тек қолданыстағы тәжірибені заңдастырды, бірақ жүйенің өзін түбегейлі өзгертпеді. Қазіргі таңда Қазақстанда медиация саласы терең әрі ауқымды реформаларды қажет етіп отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауларында медиация институтын дамытудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен-ді. Парламентаризм институтының директоры Қанатбек Сафинов өз сөзінде медиацияның жүйелі дамуына құқықтық қолдаудың маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, кейбір заңнамалық өзгерістер процестік кодекстерге енгізілгенімен, әлі де пысықтауды қажет ететін нормалар көп.
Сондай-ақ, интеграцияланған медиацияның кейбір аспектілері шешімін таппай отыр. Қазіргі заманғы үрдістер елдердің мемлекеттік патернализмнен алшақтап, дау-дамайларды шешудің бейбіт жолдарын таңдауға мүмкіндік беретін татуластыру рәсімдерін енгізіп жатқанын көрсетеді. 2025-2030 жылдарға арналған жаңа Тұжырымдама құқықтық дауларды шешудің тиімді тетіктерін құруға бағытталған. Оған заңгерлік қауымдастықтың, соның ішінде Парламентаризм институтының белсенді қатысуы жоспарланып отыр. Институттың басты мақсаты – қабылданатын заңнамалардың сапасын арттыру.
Жиынға Сенат депутаты М.Қадырбек, Мәжіліс депутаты Н.Дементьева Мәдениет және ақпарат вице-министрі А.Құрманова, сондай-ақ Парламентаризм институты директорының орынбасары Л.Сүлеймен, кәсіби медиаторлар, қорғаушы заңгерлер, нотариустар қатысты. Халықаралық сарапшы ретінде халықаралық медиация институтының (IMI) сертификатталған медиаторы, адвокат және баламалы дауларды шешу саласындағы сарапшы А.Сергеева сөз сөйледі.Ол медиацияның әкімшілік процестерде қолдану мүмкіндіктері жайлы баяндады.
Талқылау барысында отандық сарапшылар отбасылық медиацияның өзекті мәселелерін, сондай-ақ қылмыстық процестердегі медиацияның рөлін қозғады. Астана қаласындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Л.С. Зинашева және адвокат Б.А. Раисова өз пікірлерін білдірді.
Сарапшылар Тұжырымдаманы қолдап, оның Қазақстандағы медиация институтының дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті. Медиацияның дамуы қоғамдағы шиеленіс деңгейін төмендетіп, сот органдарының жүктемесін азайтуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.