Отан қорғаушы күні қарсаңында ҚР ПІБ Президенттік орталығына елордадағы №32 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушылары келді. Орталық қызметкерлері оқушыларға «Батырлар институты: дәстүр, мәртебе және қару-жарақ» тақырыбында дәріс оқып, музей сабағын өткізді.
Дәріскер жасөспірімдермен еліміздің тәуелсіздігі туралы әңгіме өрбітті, Отан қорғаушылар күнінің тарихына тоқталды. Сондай-ақ қару сыйлау дәстүрі, оның тарихы мен ерекшеліктері жайында баяндады.
– Қару әрқашан биліктің символы болған, сондықтан оны билеушілерге сыйлық ретінде жиі ұсынған. Тарихқа көз жүгіртсек, суық қару сыйлау дәстүрі – ең көне де қастерлі салттардың бірі. Қазіргі қоғамда да өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ол адамға деген ерекше құрметтің белгісі, – деді Президенттік орталықтың аға сарапшысы Гүлсім Сәрсекеева.
Жоғары сынып оқушылары экспозицияда ұсынылған қару-жарақ топтамаларын өз қолымен ұстап көрді. «Бес қару» ұғымын аша білген дәріскер қазақ батырының бес қаруы және жалпы батырлар институты туралы тарқатып айтты.
Оқушыларды бастап келген №32 мектеп-гимназияның алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің (АӘДП) мұғалім-ұйымдастырушысы Қуаныш Жұмағатов музей сабағын ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, сабақтың Отанға деген сүйіспеншілікті, халқының тарихын құрметтеуге деген патриоттық сезімді дамытуға септігін тигізетінін атап өтті.