Бүгін елордада «HR және цифрлық технологиялар гармониясы: үздік командаларға арналған инновациялар» тақырыбында конференция өтті. ҚР ПІБ Медорталығының Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы (МТАЖО) ұйымдастырған жиында білікті сарапшылар цифрлық технологиялар дәуірінде персоналды басқарудың жаңа тәсілдері туралы тәжірибелерімен бөлісті.
Конференцияда сөз алған Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығының басшысы Қази Тілеубеков:
– Біз бүгін адам ресурстарын басқару саласындағы жетістіктерімізді ортаға салып, HR мамандары арасында қарым-қатынас пен тәжірибе алмасу алаңын құру үшін әртүрлі салалар мен бизнес өкілдерінің басын қосып отырмыз. Мақсатымыз - HR мамандары мен басшылардың қарқынды өзгеріп жатқан цифрлық ортаға бейімделуіне қолдау көрсету, - деп атап өтті.
Алқалы жиын аясында «Самұрық-Қазына» АҚ Адам ресурстарын басқару департаментінің директоры Эльмира Кәрімова, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының Әлеуметтік жұмыстар департаментінің директоры Жанат Қожагелдина, «НОМАД Иншуранс» СК» басқарма басшысының кеңесшісі Қуат Домбай осы салаға қатысты салалық зерттеулердің нәтижесі туралы айтып, оны қызмет барысында кездескен көрнекі мысалдар арқылы түсіндірді.
Пленарлық сессияға Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев қатысып, цифрлық технологияларды денсаулық сақтау саласының жұмысшыларын дамыту үшін қалай қолдануға болатыны жөнінде мазмұнды баяндама жасады.
Сондай-ақ, қатысушылар Президент Іс басқармасы жүйесінде қандай жаңашыл шешімдер қолданылатынын да ықыласпен тыңдады. ҚР ПІБ ұйымдастыру-бақылау және кадрлық жұмыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары Шолпан Жұмағұлова, МТАЖО вице-президенті Гүлнұр Бөкенова, Инженерлік-техникалық орталық директорының міндетін атқарушы Манат Ысқақов кадрлық әкімшілендіру және HR процестерін автоматтандыруда қолданылып жүрген цифрлық технологияларға тоқталды.