Төтенше жағдай режимінің қолданылуы 2020 жылғы 11 мамырда тоқтатылуына және карантин шектеулерінің біртіндеп алынуына байланысты Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының жүйесіндегі карантин шараларын кезең кезеңімен жеңілдету жоспарланып отыр.
Бірінші кезеңде, ағымдағы жылғы 12 мамырдан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Ауруханасында және Орталық клиникалық ауруханада жоспарлы түрде ауруханаға жатқызуға рұқсат етіледі.
Екінші кезең шеңберінде, ағымдағы жылғы 18 мамырдан бастап ҚР ПІБ Медициналық орталығының екі ауруханасындағы емханалардың қызметтері қайта іске қосылады. Сонымен қатар, «Қарлығаш» балабақшасы «кезекші топ» режимінде жұмысын бастайды.
Үшінші кезең 25 мамырға жоспарланған: «Қарлығаш» балабақшасы толық жұмысын бастайды, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Ауруханасы мен Орталық клиникалық аурухананың емханаларындағы ақылы бөлімшелер жұмысын қайта бастайды.
Төртінші кезеңде, 2020 жылғы 1 маусымнан бастап «Оқжетпес» ЕСК» мен «Алматы Resort» санаторийлері әдеттегі жұмыс режиміне оралады.
Ессентуки қаласындағы «Қазақстан» санаторийі Ресей Федерациясының жұмыс шектеулерін алу қағидаларына сәйкес жұмысын жалғастырады.