Бильярдтан өткен бүгінгі турнир – бұл жыл сайынғы спартакиаданың бір бөлігі, ол Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының ведомстволық қарасты ұйымдары арасында үздіктерді анықтайды.
Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысының орынбасары Қанат Шөкенов қатысушыларды құттықтай отырып, «Жарыстың бұл түрі стратегиялық және тактикалық ойлауды талап етеді. Билярдта салқынқандылық пен табандылық танытқан жан жеңіске жетеді: бұл мінез қалыптастыруда нағыз емтихан», - деді.
Жарысқа 15 команда қатысты. Ойын Олимпиада жүйесі бойынша жүргізілді, яғни жеңілгендер шығып отырды. Табан тірескен ойында бірінші орынды Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы жеңіп алды, ал екінші орынға Мемлекеттік резиденциялар дирекциясының спортшылары жайғасса, үшінші орынды ҚР Президенті Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы иеленді.
Жекелеген есепте әдемі ойын көрсеткені үшін Талғат Қалиақпаровқа (Тұңғыш Президент-Елбасы Қоры), үздік ойнағаны үшін Дидар Амангелдинге (Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы) сыйлықтар табысталды.