Басты бетБурабай бәсі биіктей береді

Бурабай бәсі биіктей береді

Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Бурабайда республикалық жетекші басылымдар өкілдерінің баспасөз турын өткізді. «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғат бағының (МҰТБ) «Визит орталығындағы» мәслихатпен басталған кездесуде Президенттің Іс басқармасы басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин курортты аймақты дамыту жөнінде кеңінен әңгіме қозғады.

Сондай-ақ, Президенттің Іс басқармасына қарасты ұйымдар жұмысын басқару бөлімінің басшысы Қанат Ыдырысов пен «Бурабай» МҰТБ директоры Аманкелді Муенов журналистердің көптеген сұрақтарына жауап қайтарды. Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар Щучье-Бурабай курортты аймағын дамытуға орай Президенттің Іс басқармасы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, «Бурабай» МҰТБ аумағында жүзеге асырылып жатқан жобалардың таныстырылымын өткізді.

 

Бурабайға қатысты байлам мен баян

Көрікті Бурабай жұпар шашқан қалың орманымен, күміс айдынды көлдерімен, мәдени-тарихи жау­Һарларымен жұртшылықты баурау­мен келеді. Бұл өңір рес­публика тұрғындарының, Ре­сей­дің көршілес облыстары ту­рис­тері­нің, алыс шетел­дік қонақ­тардың дәстүрлі демалыс орнына айналғаны. Мұнда келушілер жаз айларында күніне 100 мың адамға жететіні белгілі. Бұл аймақ мойнындағы сал­мақты қалыңдата түседі. Сон­дықтан, баспасөз мәслихатын өт­кізушілер заманалық туризмді өркендетуде тек қана табиғи ресурстармен шектеліп қалуға болмайтынын атап көрсетті. Табиғи кешенді үздіксіз пайдалану экологиялық жүйенің бұзылуына, ластануына әкеліп соқтыратыны мониторингтік талдамалармен, слайдтық деректермен түсіндірілді.

Бурабай курортты аймағын да­мы­ту мемлекеттің айрықша бақылауында ұсталып, маңызды бағдар­ламалық құжаттарға топтас­тырылған нысаналы жұмыстар жүргізілуде. Журналистер, бұл орайда, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы тарапынан атқарылып жатқан істерге қанықты. Өңірде Президенттің Іс басқармасына қарасты «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғат ба­ғы, қазақстандық «Лапландия», «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені қызмет өрісін кеңейтуде.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2000 жылғы Жарлығымен құрылған «Бурабай» МҰТБ-ның жалпы аумағы 129,5 мың гектарды құраса, оның 89 мың гектарын орманды алқаптар, 10 мың гектарын су айдыны алып жатыр. Президенттің Іс басқармасы 2006 жылдан бастап айрықша қорғалатын аймақтағы жұмыстарды үш бағытта жүргізуде екен. Яғни, инженерлік жүйе (сумен қамтамасыз ету, канализациялық құрылғылармен және электрмен қамтамасыз ету) құру, көлдер жағалауын абаттандыру (жалдау пункттерін қоса есептегенде жаяу жүргіншілер мен веложолдар салу және заманалық туристік нысандар жүйесін пайдалануға беру жұмыстары қолға алыныпты. Іс басқармасы аталған шараларды Щучье-Бурабай курортты аймағын дамытуға бағытталған арнайы бюджеттік бағдарлама шеңберінде жүзеге асыруда. Бұл бағыттағы жұмыстар Ақмола облысының жергілікті атқарушы органдарымен тығыз байланыста жүргізіліп отырғаны атап өтілді.

Іс басқармасы курортты ай­мақ­ты дамытудың Жүйелік жос­парына сай, бүкіл қызметті ту­рис­­тік белсенділіктегі негізгі үш бағытта қолға алыпты. Олар Шор­тан, Бурабай, Үлкен және Кіші Шабақты көлдерінің аумағына және Сарыбұлақ ауылы мен Жөкей көлінің маңайына шоғырланған. Басқарма бұл тұрғыда белсенді жұмыстарды бастап кетіпті. Бұл аймақтағы бірінші кезектегі мін­­деттерді жүзеге асыру үшін Пре­зиденттің Іс басқармасы 2009-2011 жылдары Шортан көлінің маңайындағы инфрақұрылымдық жобаны табысты аяқтады. Осының нәтижесінде14,3 шақырымдық су жүйесі, 28 шақырымдық канализация тоқтаусыз жұмыс істеуде, сондай-ақ, 5 және 9,4 шақырым­дық электр мен байланыс желісі тартылды. Бұл нысандар аудан орталығы – Щучье қаласын да қамтиды.

Журналистер катерге мініп, Шортан көлінің жағалауындағы инфра­құрылымдарды, жаңадан салынған туристік нысандарды көлікпен аралап көрді. Демалыс орындықтары қойылған 9,3 шақы­рымдық жаяу жүргіншілер жолы саяхатшылар игілігіне бе­рі­­л­іпті. Қазіргі күні велоспорт жолы­ның құрылысы қызу жүр­гізілуде екен. Ол шамамен 20 ша­қырымды құрайды және қыс айларында шаңғышылар игілігіне жаратылады. Бұл нысанның ма­ңы­з­дылығы курорттық күре жол­дардағы вело­сипедшілердің, ролик­тік коньки тебушілердің қауіп­сіз­ді­гін қамтамасыз ететіні белгілі. Бас­қарманың тікелей қатысуымен Бурабай кентінде «Визит-орталық» салынып, зообақта қайта құру жұмыстары, Абылай хан алаңында экспозициялық кешен, мұражай, қоғамдық тамақтану нысандары пайдалануға берілген.

Пресс-турға қатысушылар биыл­­ғы қолға алынған жобалардың таныстырылымына қатысты. Мұн­да Бурабай кентінен бастау алып, көлдерді жағалап, «Оқжетпес» шипажайына дейін тартылатын 32 шақырымдық су және 40 шақырымдық канализация жүйесінің маңызы орасан болмақ.Бұл автономдық құбырлардан су тартуды шектеп, көлдердің тартылмауына, ластанбауына жол ашады. Құрылыс алаңдарында болғанымызда жұмыс бары­сына оңтайлы өзгерістер енгізіл­генін байқадық. Ендігі жерде велосипедшілер жолы 25,4, жаяу жүргіншілер соқпағы 27,5 шақырымды құрайтын болады.

Басқарма мамандары турис­тік тартымдылықты арттыру мақ­сатында Бурабай кентінде спорт­тық-сауықтыру орталығын салуды жоспарлап отыр екен. Жабық үлгідегі бұл нысанда аквапарк, су аттракциондары, спа-салон, фитнес-бар, мерекелік шараларға арналған алаңдар, автотұрақ, дәмханалар мен дүкендер жұмыс істейтін болады. Балаларға арналған базарлық та молынан орын теппек. Бөбектер кең ауқымды қызметпен қамтамасыз етілсе, ересек балалар картингпен, альпинистік туризм, скейт-парк және басқа ойындарға тартылады.

Біз айналма жол арқылы биік шоқылардың басына шықтық. Бұл жерден Үлкен және Кіші Шабақты көлдері алақандағыдай көрінеді. Мұнда келуіміздің өзіндік мағынасы бар екен. Қазіргі таңда аталған көлдерге жұртшылық тарапынан қызығушылық артып отырған көрінеді. Өйткені, мұндағы су мөлдірлігімен еліктіреді. Су спортын дамытуға да мүмкіндік көп болып шықты. Сондықтан, қос көлдің маңайында спорттық демалыс нысандарын салу жос­парланыпты. Сондай-ақ, Бурабай кентінен бастап Ақылбай ауылына дейін 31,5 шақырымдық су, 38,5 шақырымдық канализация, 27,1 шақырымдық электр желісі мен 9,4 шақырымдық автомобиль жолы тартылмақ.

Аталған аймақты дамыту мем­лекеттік-жекеменшіктік әріптес­тік аясында, өзара қолайлы шарт­тар негізінде инвестиция жұ­мыл­дыру есебімен іске асырылады деп күтілуде. Сондықтан, жеке бизнес өкілдеріне барлық қолайлы жағдайлар жасау аса ма­ңызды болмақ. Жоғарыда аталған инфрақұрылым жүйесі осы мақсатты көздейді. Сондай-ақ, «Мемлекеттік ұлттық табиғи бақтарында туристік және рек­ре­ациялық қызметті жүргізу ере­жесіне» сәйкес, «Бурабай» МҰТБ жерлерін биылғы жылдың өзінде қысқа мерзімді (5 жылға дейін) және ұзақ мерзімді (49 жылға дейін) жалға беру конкурстарын өткізу қолға алынбақ. Жерді қысқа мерзімге алғандар шатырлық лагерьлерді, балықшылар орталы­ғын, суға түсу алаңдарын, демалыс нысандарын, этноауылдарды жабдықтаса, ұзақ мерзімде пайдаланатындар кемпингтер, тау-шаңғы базаларын, емдеу-сауықтыру ке­шен­дерін, спорттық нысандар мен яхт-клубтарды қатарға қосады деп күтілуде. Өлкені өркендетуге тілек білдірушілер қатары қалыңдай түскені осынау игі істің ортақ қай­­тарымы болатындығына кү­­мән туғызбайды. Мұнымен қоса, бо­лашақтағы нысандар аза­мат­тардың әртүрлі топтарына ың­­ғайластырылып, қолжетімді н­егіз­де бой көтеретіні көңілден шы­ға­тынын бөлектеп айтқымыз келеді.

Сапар барысында бүгінгі қолда бар инфрақұрылымдарды пайдалану жаңа көзқарасты, қызықты ұсыныстарды қажет ететіндігін біл­діреді. Аймақтың мүмкіндіктері мен қуаты Бурабай өлкесін өр­кен­­­­­дете жандандыруға және оны ха­лық­аралық деңгейге көтеруге нақ­­ты негіз болады. Кездесуді ұйым­­­дастырушылар мемлекеттік-же­ке­меншіктік ынтымақтастықты табысты жүргізген жағдайда Бура­бай курорттары әлемдік туризм на­рығында өзінің лайықты орнын алатынына және ол жоғары дең­гейдегі бәсекеге қабілетті турис­тік кластерді қамтамасыз етуге мүмкіндік ашатынына сенім білдірді.

 

Табиғат бағындағы тамашалар

Пресс-турдың екінші бөлігі «Бурабай» МҰТБ аумағын аралауға арналды. «Визит орталықтағы» мұражайдың, оған іргелес зообақ­тың танымдық-тәлімдік әсері мол деуіміз керек. Ал, әйгілі Абы­лай хан алаңындағы тарихи жәді­герлер, ондағы ауқымды мұражай кешені, айбынды стелла бізді ғасыр­лар қойнауы мен бүгінгі жетістіктерімізге жетелегендей болды. Дәл осы тұста журналистерге ерекше құрмет көрсетілгенін қуанышпен айтқымыз келеді. Біз көрнекі жерге 16 түп балау­са қарағай отырғыздық. Оған «Журналистер аллеясы» деген атау да беріп қойдық.

Елбасының Іс басқармасы Бурабайдың абыройын көтерген бес жұлдызды «Риксос» отелі­нің іргесінде қазақстандық «Лапландия» мұз қалашығының кешенін пайдалануға беруі мәдени өміріміздегі елеулі оқиға ретінде қабылданды. Мұнда біз Санта Клаустың офисі мен поштасында болып, шаман деревнясын, мұзды театрды аралап көрдік. «Лапландияда» қыс қызығы ерекше екендігі туралы газетімізде жазған болатынбыз. Ендігі жерде жазғы демалысты ұйымдастыру мәселесі қаралып жатқанын білдік.

Жолсеріктеріміз бізді Ұлттық бақтың қалың қойнауына бас­тап жүрді. Айрықша қорғалатын аймақта Ақтас, Сарыбұлақ, Торыайғыр, Жалайыр, Қарақоға және Бұланды орманшылықтары жұмыс істейді екен. Ұжымдағы 400 адамның барлығы өз ісіне берілген азаматтар екендігі атқарылған қыруар жұмыстан-ақ байқалып тұр.

Алға қадам басқан сайын ерте­гі­лер әлеміне бойлай түскен­дейміз. Ана жерден пыр етіп қырғауыл, мы­­на жерден үйрек-қаз ұшады. Суыр­ларыңыз емін-еркін жайылып жүр. Орман қойнауында бұғы, елік үйірлері қараңдайды. Анандай жерде күміс түлкі бұлғақтайды. Суа­ғарлар мен жыныс тоғайды жаға­латып 67 қолдан азықтандыру қондырғылары орнатылыпты. Көлі­гіміздің алдын жабайы шошқа­лар шаңдатып кесіп өтті. Кішкентай то­­рай­­лардың топырлай жүгіргені ерік­сіз езу тартқызды. Ұлттық бақ қызметкерлері биыл жабайы жан­уар­лардың қарасы көбейе түс­ке­нін айтады. Жалпы, 300 гектар жер­ді алып жатқан ұлттық бақ бай та­би­ғатымыздың берерін молайтып тұрғандай еді. Сондай-ақ, біз бақ­тың жаңа өндірістік базасын ара­лап көріп, ағаш дайындайтын за­маналық техникалардың жұмыс ба­ры­сындағы қарымына қайран қалдық.

Іс басқармасына қарасты «Оқ­жетпес» емдеу-сауықтыру кеше­нінде демалушыларға барлық жағдайлар жасалған. Мұнда меди­циналық туризм өркендей түскен. Жаңа әдістемелер де кеңінен қол­даныла бастаған. Журналистер емдеу корпусында тригерлі аумақ ультра дыбысын қолдану, маржанды және радондық ванналарды енгізу, «Стандарт» пантымен емдеу бағдарламалары және демалыс күнгі сауықтыру бағдарламаларымен танысты. Демалушыларға қымыз бен қымыран, фитошайлар, коктейльдер, «Құлагер-Арасан» емдік табиғи минералдық суы ұсынылады.

«Оқжетпес» 2006 жылы «Әлемнің үздік курорты» атағын жеңіп алса, 2012 жылы «Еуропалық сапа» жоғары халықаралық марапатын иемденген. Тынығушыларға жоғары біліктіліктегі 10 дәрігер, 32 медбике қызмет көрсетеді.

 Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан», 2014 ж. 16 мамыр

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.