Нұр-Сұлтан қаласында Іс Басқармасының орталық аппараты мен ведомстволық қарасты ұйымдары командалары арасында жыл сайын өтетін спартакиада басталды.
Іс Басқармасының аппарат басшысы Сәкен Абжанов өзінің алғы сөзінде «Біздің қызметкерлеріміз бос уақыттарында жаттығып, тактиканы үйреніп, жарыстарға тыңғылықты дайындалады, бұл өте маңызды. Себебі дәл осылай біз тек денсаулығымызды нығайтып қоймай, ұйымымыздың корпоративті рухын да көтереміз.» - деп айтып өтті.
Алдымен спартакиаданың жүлделі орындары үшін күресті волейболшылар бастады. Алаңға 8 команда шықты. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясының ойыншылары үздік деп танылды. Екінші орынды табандылықпен ойын көрсеткен ҚР ПІБ Автошаруашылығының құрама командасы иеленді және Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының командасы үшінші орынға тұрақтады.
Жақсы әрі сапалы ойын көрсеткені үшін Досхан Сейдуалиев (ҚР ПІБ МТҚБ) турнирдің ең үздік шабуылшысы, Қайратхан Сапаров (ҚР ПІБ Автошаруашылығы) ең үздік қорғаушысы, Гүлназ Асхатова (ҚР ПІБ Медициналық орталығы) ең үздік доп шығарушысы болып танылды.
Жеңімпаздарға кубоктар мен құрмет грамоталары табысталды.
Жыл бойы спартакиада аясында Іс Басқармасының орталық аппараты мен ведомстволық қарасты ұйымдары командаларының арасында мини-футбол, баскетбол, шахмат, үстел теннисі, бильярд және боулингтерден турнирлер өтеді.