Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы мемлекеттік қызметшілерді қолдау мақсатында Министрліктер үйі ғимаратында төрт спорт залын ұйымдастырды. Енді қызметкерлердің осы әкімшілік ғимараттың төрт блогінде спортпен шұғылдануларына мүмкіндіктері бар.
Залдар жаттығудың барлық бұлшықет топтарына арналған қазіргі заманғы кардиотренажер құралдарымен жарақтандырылған, душ кабиналары мен киім ауыстыру орындары бар. Жаттығулар кәсіби спорт нұсқаушыларының сүйемелдеуімен өтеді.
Бұл жоба сананы жаңғыртудың «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының және Қазақстан Президентінің ұлтты үйлесімді дамытуға бағытталған саясатының шеңберінде әзірленіп, іске асырылды.
Спорт залдарының ашылу салтанатына Іс Басқармасының аппарат басшысы Азамат Әмірғалиев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы Аида Құрманғалиева, Мәдениет және спорт министрлігінен Қуатжан Уәлиев, Президент Әкімшілігі мен министрліктердің мемлекеттік қызметшілері қатысты.
Мемлекеттік қызметшілерге арналған денсаулықты қолдау жобасы биыл Қазақстанда 19 тамызда атап өтілетін Спорт күні қарсаңында іске қосылды.