Басты бетБАҚ біз туралы

БАҚ біз туралы

«Егемен Қазақстан», 2 мамыр 2013

«Бірлік» болмай, тірлік болмайды

Уақыт – зымыран. Аз ғана уақытта Қазақстан әлем сахнасындағы өзінің айшықты орнын белгілеп үлгерді. Тегеурін жаман емес. Соңғы он бес жылдың ішінде мемлекетіміз әлемдегі ең серпінді дамушы елдер бестігіне енді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баевтың «Қазақстан-2050» Стра­те­гиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Әлемнің барлық елдері өз дамуын салыстыратын мойындалған рейтингтер бар. Осыдан алты жыл бұрын мен алдымызға әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру жөнінде жалпыұлттық міндет қой­дым. Қазақстан Дүниежүзілік эко­номикалық форумның рейтингінде 51-орынды иеленді. Біз бүгін осы мақсатымызға таяқ тастам ғана қал­дық», дегені белгілі.

Расында да, ел тарихының сапалық жаңа кезеңі үлкен қарқынменен жүріп жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Ал бұл істе «Нұр Отан» партиясы қашанда тың ойлар мен баян­ды бастамалардың ұйытқысы болып келеді. Партияның белсенділігі арқасында ел игілігі жолында талай істер қолға алынып, жүзеге асырылуда. Ал бұл істердің қай-қайсысының артында да қоғамның мүддесі, халықтың талабы жатқаны анық.

«Нұр Отан» халықтық-демокра­тиялық партиясының «Бірлік» филиалы Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы 17 бас­тауыш партия ұйымының арқауында  құрылғанына биыл он жыл толғалы отырғанына қарамастан, қоғамда едәуір жұмыстардың атқа­рылуына мұрындық болып келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз. «Бірлік» филиалын Президенттің Іс басқарушысы Абай Бисембаев басқарады. Биылғы жылдың қаңтар айындағы көрсеткіштері бойынша партияның құрамында еліміздің әр саласында жұмыс жасайтын 5063 мүшесі бар. Филиалдың құрамына 42 бастауыш партия ұйымы мен Сенаттың 1 депутаттық тобы, Парламент Мә­жілісінің 1 депутаттық фракциясы еніп отыр.

Саяси кеңес, Саяси кеңестің бюросы, Бақылау-тексеру комиссия­сы бар «Бірлік» филиалы қазіргі таңда «Нұр Отан» ХДП Жарғысы мен Бағдарламасының негізгі ере­­желерін түсіндіру, Мемлекет бас­шысының жыл сайынғы жол­дауларын, партия съездері шешім­дерін, Президент, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Н.Назарбаевтың тапсырмаларын түсіндіру, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, патриотизм, саламатты өмір салты сияқты құндылықтарды насихаттау, партия мүшелерінің Астанамыздың қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласуы жөніндегі әртүрлі пішіндегі шараларды жүзеге асыруда.

«Бірлік» филиалы партиялық қызметінің басым бөлігін қайырым­дылық акцияларына арнап отыр. Жыл сайын «Жақыныңа жәрдем бер!», «Балғынды мектепке дайындайық», «Бүлдіршінге кітап сыйла», Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне тағзым ету, халықтың әл-ауқаты нашар тұрғындарына жәрдем беру секілді жұмыстар атқарылып келеді.

«Нұр Отан» ХДП «Бірлік» филиалы Саяси кеңесі бюросының қаулысымен бекітілген жоспарға сай еңбек ұжымдарында кездесулер, дөң­гелек үстелдер, конференциялар, мәдени-көпшілік, спорттық шаралар ұйымдастырылуда. Мұның бәрін өткінші шаралар деп қабылдамау қажет. Атқарылып жатқан әр жұмыс­тың кешенді жалғастығы бар.

Қарт адамдарға жәрдем ре­тінде бағытталған «Ардагердің ден­саулығы» атты акциясы ел арасында әжептәуір ыстық ықылас тудырып отыр. Осы акцияның аясында соғыс және еңбек ардагерлері, мүгедектер Қазақстан Президенті Іс басқармасының Ме­ди­ци­налық Орталығында тегін медициналық тексеруден өтті. Ал Ұлы Отан соғы­сының ардагерлеріне 9 мамырда, әйел-ардагерлерге 8 наурызда құрмет көрсету кәдімгі дәстүрге айналды.

Балалармен жұмыс жасау, мүгедек балаларды, жетімдерді қолдау жөнін­дегі жұмыстарға филиал ерекше көңіл бөліп келеді. Ата-анасынан, асыраушысынан айырылған 70 бүлдіршін психоневрологиялық балалар диспансерінде ем қабылдауда, ал оқу жылы қарсаңында балалар үйлеріндегі, әл-ауқаты нашар отбасыларындағы 220 бала мектеп керек-жарақтарымен қамтамасыз етілді.

Тағы да қайталап айтайық, атқа­рылып жатқан қандай да бір шара бұл науқандық жұмыстар емес. Оның кешенді ойластырылған бағыты бар. Сонымен қатар, «ҚР Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасының қоры» да бұл игілікті шараға көп көмегін көрсетуде.

«Бірлік» филиалы өз жұмысында жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың қас жауы екенін де тілге тиек еткім келеді. Жасыратын несі бар, бұл індет ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіретінін ешкім жоққа шығара алмайды. Филиалдың бастауыш партия ұйымдарында жемқорлыққа қарсы пәрменді жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік қызметкерлердің, лауазымды тұлғалардың арасында орын алып жатқан келеңсіз фактілерге тосқауылдар қойылуда. Тек соңғы үш жылдың ішінде коррупциялық қылмыстары үшін 13 адам партия қатарынан шығарылды.

Әрине, бәрі ойдағыдай деп айтуға болмайтын шығар. Бастауыш партия ұйымдарының жұмыстарын жетілдіре түсуде ақаулар да бар. Жас мамандарды партия қатарына тарту тиісті деңгейде емес. Бастауыш партия ұйымдарының кейбір төрағалары сенім үдесінен шыға алмауда.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев кейінгі Жол­дауында: «Дүниеде болып жат­қан өзгерістердің сипаты мен тереңдігі, жаһандық өзара іс-қимыл ұзақ мерзімді дамуды талап етеді. Көптеген елдер қазірдің өзінде 2030-2050 жылдардың арғы жағына көз жіберуге тырысады», деген еді. Демек, күні ертеңгі жетістігіміздің іргесі осы бастан қалануы шарт.

Ол үшін не істеу керек? Тек үлкен жауапкершілік керек!

Біз жыл бойына атқарылатын жұмыстардың барысын жоспары­мызға енгіздік. Ол жүйелі түрде атқарылып келеді.

Алда өтетін мынандай негізгі шаруаларға тоқталғым келеді.

- «Нұр Отан – саламатты Қазақ­стан үшін!», Авиация мен ғарыш­керлер күніне арналған «Біз ғарышты ба­ғын­дырамыз» акциясы, қаланы абат­тандыруға байланысы көшет отырғызу;

- «Ұлттық бірлік – біздің страте­гиялық таңдауымыз», «Ардагерлерді ардақтайық» патриоттық акция­лары, «Мемлекеттік рәміздер – Ота­нымыздың жүрегі» мемлекеттік символдар күніне орай өткізілетін шаралар;

- спорт фестивальдерін өткізу, Қазақстан халқының мәдениетін, дәстүрі мен тілдерін білу конкурсы аясында мемлекеттік тіл күнін өткізу, жемқорлыққа қарсы күрес;

- «Нар тұлға; жүрек жылуы» рес­публикалық акциясына қатысу, Тәуелсіздік күніне арналған спорттық акциялар, «Тұңғыш Президент күніне» арналған мерекелік шараларды ұйым­дастыру, «Аяз Атаның сыйлығы – балаларға» мүгедек-балаларға көрсетілетін қайырымдылық акциясы.

Бұл атқарылатын жұмыстардың бір парасы ғана. Жоспарымызға енген басқа да тірліктер жеткілікті. Яғни, күні ертеңгіні болжағанымыз абзал. «Қамданбаған – қапы қалады» демекші, бұл жай жалаң сөз, құрғақ уәде емес, нақты жасалатын жұмыстар.

«Нұр Отан» ХДП «Бірлік» филиалы «Ғылым» бастауыш партия ұйымының жұмысына аз-кем тоқтала кетейін. Былтырғы жылдың жазында іргесін қалаған «Ғылым» бастауыш партия ұйымы өзінің қатарын «Ғылым қоры» АҚ-тың бір топ қызметкерімен толықтырып, Отан алдындағы парыздарын белгілі бір дәрежеде атқарып келеді. Жоғарыда тілге тиек етілген қарттарға қамқорлық, мүм­кіндігі шектеулі отбасыларға көмек назар­дан тыс қалып көрген емес. Мәселен, былтырғы шілде айының 20-сында «Ғылым» бастауыш партия ұйымы мүгедек балалар үйінің аумағында демалыс сәкілерін салып берді. Мектеп оқушыларын ғылымға тарту жұмыстары жақсы бағытта ұйымдастырылып отыр. Адамзат баласының басты парызы –жақсылық жасау десек, «Нұр Отан» ХДП құрамындағы «Бірлік» филиалы да, оның қатарындағы «Ғылым» бастауыш партия ұйымы да алдағы уақытта бұл игілікті жұмыстарын үлкен ризашылықпен жалғастырады.

Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласы, Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдаулары бастауыш партия ұйымы өкілдері арасында ұдайы талқыланып, пікір алмасулар өтіп тұратынын айт­сақ, әр қазақстандық азамат ел абыройы жолында алдағы кезеңде де қоғам өміріне белсене араласады деген сенімдемін.

Қуатжан УӘЛИЕВ,

«Нұр Отан» ХДП «Бірлік» филиалы

саяси кеңесінің бюро мүшесі.