Басты бетБАҚ біз туралы

БАҚ біз туралы

5 наурыз, 2013 Қазақстан

Бүгін Елбасының қоры атынан көпбалалы аналарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Мерекелік тарту материалдық жәрдем ретінде берілді. Қайырымдылық шарасы өзгелерге де үлгі болса игі еді.      

Тыныштық Ыдырыс – «алтын алқалы» ана. Дүниеге сегіз перзент әкелген. Тағы төрт баланы асырап алған. Жастайынан жесір қалған кейуана 12 ұл-қызды өзі жетілдірді. Мына үш бөлмелі пәтер 5 жыл ілгеріде Елбасының тапсырмасымен тегін берілді. Бүгін тағы сыйға кенелді, ол.

Тыныштық Ыдырыс, «Алтын алқа» иегері:

Көп балалы ана ол бақытты ана, деп ойлаймын. Өзім жесір болып, 4 баланы жетімдер үйінен асырап алдым. Бала асырау - Алланың берген жақсы қасиеті.

Мереке қарсаңында Ғалия Нұрахметқызының бір мұқтажы өтелді. Тоңазытқыш тарту етілді. 2 топтағы мүгедек. Аяғын баса алмайды. Астанаға қоныстанғалы 13 жылдан асып барады. Басты арманы басыбайлы баспаналы болу.

Ғалия Нұрахметқызы, көпбалалы ана:

Оныншы жылы тұрдым, үй кезегіне. Қашан бұйыратынын Алла біледі. Барлық әйелдерге жақсылық тілеймін, мақсаттары орындала берсін.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті» атты Елбасының қоры қоғамнан қамқорлығын аямайды. Құрылғалы, ана мен бала жарымжан адамдарға көмек көрсетіп келеді.

Ғалым Жұмжаев, «Бірлік» «Нұр Отан» ХДП филиалы саяси кеңес бюросының мүшесі:

Бұл аналардың барлығы да өздерінің өтініштерінде керекті заттарын, мұқтаждықтарын айтқан болатын.  Өтініштеріне қарай,  бүгін сый-сияпат жасалды.

Тек мереке қарсаңында емес, қайырымдылық шарасы келешекте де жалғасын таба бермек.

Мөлдір НҰРМАН

Ақпарат көзі: http://kaztrk.kz/kaz/news/Womens_day/Elbasinin_korinan_analarga_sijlik_tabis_etildi_id1362488964.html

 

6 наурыз, Айқын

Тосын сый аналарды таңғалдырды

Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында «Нұр Отан» ХДП-ның «Бірлік» филиалы мен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры көпбалалы және зейнеткер аналарға тосын сый жасады. Астанада тұратын бірқатар аналарымыз қолы жетпей жүрген тұрмыстық техникаға ие болды, кейбіріне қаржылай көмек берілді. Сый-сияпаттың бәрі аналарымыздың үйіне «өз аяғымен барды».


«Нұр Отан» «Бірлік» филиалының қайы­рымдылық шаралар өткізуге баса назар ауда­ратынын елордалықтар жақсы біледі. Жыл сайын «Біздікілерді біл», «Балаларды мектепке дайындайық», Ұлы Отан соғысының ардагер­лерін құттықтау, тұрғындардың әлеуметтік қор­ғалмаған топтарына көмек көрсету сияқ­ты іс-шаралар ұйымдастыру дәстүрі бар. Ал 13 жыл­дан бері жұмыс істеп келе жатқан ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры да отан­сүйгіштікті нығайту, мәдени, эконо­мика­лық және саяси саладағы халықаралық бай­ланыс­тардың дамуына септігін тигізетін ша­ра­лардан шет қалған емес. Міне, осы екі ұйым бір жаға­дан бас шығарып, аналарды қуанышқа бө­леді.

«Партияның Астана қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне көпбалалы ана­лар, мүгедек әйелдер және жалғызбасты зей­нет­кер әйелдерден материалдық көмек көрсету туралы өтінішпен жүгініп жатады. Арамызда қамқорлыққа зәру жандар аз емес. Оларға көмек беріп, қамқорлық жасау – өркениетті қоғамның басты міндеті болуы тиіс. Сондықтан біз қоғамдық қабылдау бөлмесіне келген хат­тар мен өтініштерді сараптап, ең мұқтаж де­гендеріне көмек беруге тырысамыз» дейді «Нұр Отан» партиясы «Бірлік» филиалының өкілі Ғалым Жұмжаев. Ал кеше Ғ.Жұмжаев бастаған топ тағы да мұқтаж жандарға қайы­рым­дылық шарасын өткізді. Бұл жолы анала­рымыз сыйлыққа кенелді. Сый-сияпат тиелген автокөлік бірінші болып жуырда ғана екі бірдей аяғына ота жасатқан Ғалия Иманғо­лованың үйін бетке алды. Ғалия апамыз екі жылдан бері билік партиясының «Бірлік» филиалының қамқорлығында екен. 13 жылдан бері Астанада тұрып келе жатқан ол, көп жыл­дар бойы Талдықорғанда ұстаздық еткен. «Балам елордамызда жұмысқа орналасқан соң, екінші баламды алып осында көштік. Ден­сау­лығыма байланысты көмекке мұқтаж болып қалдым. «Нұр Отанға» жағдайымды айтып барып едім, екі жылдан бері көмектесіп жа­тыр, өткен жылы дәрі-дәрмегіме қаржы берді. Ал биыл міне, тоңазытқышты жеткізіп тұр. «Нұр Отан» партиясына, оның Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа мен секілді мұқтаж жандарға жасаған қамқорлығы үшін алғысым шексіз» деді ағынан жарылып. Ал жалғызілікті зейнеткер Екатерина Горбатко кір жуғыш машинасын сыйға алып тұрып, қуаныштан көз жасын ірке алмай қалды. «Тұңғыш Президентіміздің бұл сыйлығы мен үшін расында тосын сый болды. Қуаныштан қатты толқып кеттім, барлық әйел затын алда­ғы мерекемен құттықтаймын» деді ол.

Өзін нағыз астаналық деп санайтын «Ал­тын алқа» иегері, 72 жастағы Тиыштық  Ыды­рысова үйіне тоңазытқыш көтерген жігіттер кіріп барғанда «Ойбу, ауырып жатқанымды ұмытып кеттім ғой» деп, келгендерді ду күл­дірді. Құрсағынан шыққан 8 баласына 3 бала­ны қоса асырап алған Тиыштық апамыз өзінің кезінде Ақмолада туғанын мақтан етеді екен. «Астана – менің туған қалам. Астана Ақмола атанып тұрғанда туғанмын. Менің қалам бүгін адам танымастай өзгерді ғой. Ақмоланың кезінде жиырма шақты ғана көшесі бар еді, қазір Астанамды аралап шығу үшін бір күн аздық етеді. Осындай әдемі қала салып, әлемге әйгілеген Президентіміз аман болсын. Алла тағала елімізге бақ-дәулетін аямай төге бер­сін» деген апамыз құттықтаушы топты ақ ба­тасымен шығарып салды.  «Жұмақ ананың табанының астында» дей­ді қазақ. «Анаңды Меккеге үш мәрте арқалап апарсаң да, ақ сүтін өтей алмайсың» дейтін де біздің қазақ халқы. Олай болса, мереке қар­саңында аналарымызға аз да болса қуаныш сыйлап, батасын алғанға не жетсін!

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=19218&Itemid=2