Басты бет › Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы егемендіктен дербес мемлекетке дейін

Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы егемендіктен дербес мемлекетке дейін

Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы егемендіктен дербес мемлекетке дейін

Осыдан 35 жыл бұрын Еуразияның саяси картасында тарихи өзгерістер орын алды. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына негіз болған маңызды қадамдардың бірі 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылдануы еді. Ал 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданып, еліміздің тәуелсіз мемлекет ретіндегі құқықтық негіздері айқындалды.

Бүгінде Тәуелсіздіктің 35 жылдығы аясында елімізде оның тарихи мәні мен құндылықтарын кеңінен насихаттауға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Олардың қатарында қазақ жеріндегі мемлекеттілікті нығайту, Ұлы Даланың сан ғасырлық тарихының сабақтастығын сақтау, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді қамтамасыз ету секілді маңызды бағыттар бар.

Қазақстанның егемендікке қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу кезеңдері туралы Парламентаризм институтының атқарушы директоры, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Алмас Қанатов «Егемендіктен тәуелсіздікке дейін: 35 жылдық жол» атты мақаласында ой қозғайды.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң елдің бүгінгі мемлекеттілік жүйесінің негізін құраған басты қағидаттарды заң жүзінде бекітті. Атап айтқанда, Қазақстанның унитарлық мемлекет екені, аумағының тұтастығы мен шекарасының мызғымастығы, биліктің бастауы халық екені, бірыңғай азаматтық, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі, ұлттық валюта – теңге және мемлекеттік рәміздер айқындалды. Сондай-ақ мемлекеттік билікті заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлу қағидаты бекітілді.

2026 жылғы конституциялық реформа елдің саяси-құқықтық жүйесін жаңа кезеңге көтерді. Бір палаталы Құрылтай заң шығару қызметін жүзеге асыратын өкілді орган ретінде айқындалды. Вице-Президент және Қазақстанның Халық Кеңесі институттары құрылып, конституциялық заңдылықты қамтамасыз ету міндеті Конституциялық Сотқа жүктелді.

Тәуелсіздікті нығайту – тарихи жетістіктерді дәріптеумен ғана шектелмейді. Ол мемлекеттің тұрақты дамуына қажетті құқықтық негіздерді жетілдіруді де талап етеді. Осы бағыттағы жұмыстарды Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2020 жылы құрылған Парламентаризм институты атқарып келеді.

«Институт сарапшылары Құрылтай мен Үкіметтің заң шығару қызметін тұрақты түрде зерделеп, заңнамадағы жүйелі олқылықтар мен негізгі үрдістерді анықтайды. Осы талдау негізінде заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленеді. Олар кейін депутаттардың заң жобаларын әзірлеу және қарау барысында пайдаланылады», – дейді Алмас Қанатов.

Институт қызметінің нәтижелері нақты көрсеткіштерден көрінеді. 2021 жылдан бері Институт депутаттармен бірлесіп 197 заң жобасын әзірлеуге қатысты, заңнамалық бастамалар бойынша 207 талдамалық материал дайындады. Сонымен қатар 139 бағыт бойынша құқықтық мониторинг жүргізіліп, заңнаманы түгендеу жөнінде зерттеулер мен талдамалық материалдар әзірленді. Салалық комитеттерге 121 сараптамалық қорытынды ұсынылды (2026 жылғы қыркүйек айының соңындағы деректер бойынша). Бұл жұмыстардың барлығы заңнаманың сапасын арттыруға, ал түптеп келгенде, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Осылайша, 1990 жылы жарияланған мемлекеттік егемендік пен 1991 жылы заң жүзінде бекітілген тәуелсіздік – Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуындағы өзара сабақтас тарихи кезеңдер. Егемендік туралы декларация тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалаған маңызды тарихи құжат ретінде өз маңызын әлі де сақтап келеді. Ол қазіргі Қазақстанның қалыптасуына негіз болып, ел дамуының берік құқықтық әрі тарихи тұғырына айналды.