Ақтөбеде Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының күндері өтіп жатыр. Екі күн бойы, 26 және 27 қарашада, ҚР ПІБ жүйесіндегі медициналық ұйымдардың мамандары консультациялар беріп, хирургиялық оталар жасап, өңір дәрігерлеріне арналған оқыту іс-шараларын өткізбек. Бұл бастама мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және өңірдегі әріптестермен тәжірибе алмасуға бағытталған.
Іс-шаралардың негізгі бағыттарының бірі – жүрек ырғағы бұзылған пациенттерге медициналық көмек көрсету. ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының аритмолог дәрігері Ринат Қамиев Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің медициналық орталығында және Ақтөбе облыстық көпбейінді ауруханасында консультациялар беруде.
Ондан бөлек, аритмияны емдеудің заманауи әдістерін қолдана отырып, үш хирургиялық ота жасау жоспарланған. Қазіргі уақытта маман пациенттерді қарап, алғашқы отаны жасап үлгерді.
Осылайша, өңір тұрғындары облыс аумағынан шықпай-ақ бейінді маманнан консультация алуға және медициналық көрсетілімдер болған жағдайда хирургиялық ем алуға мүмкіндік алады.
Бағдарламаның тағы бір маңызды бағыты – өңір мамандарымен практикалық тәжірибе бөлісу. «Дару» клиникасының базасында реабилитолог дәрігер Бәкір Абашев жарақаттар мен ортопедиялық оталардан кейін пациенттерді оңалту бойынша шеберлік сабағын өткізеді.
Іс-шараларға гастроэнтеролог дәрігер Айнұр Әмірқұлова, инфекциялық бөлімшенің меңгерушісі Гүлжан Сейдахметова және Ұлттық госпитальдың инфекциялық бақылау бөлімінің меңгерушісі Сабира Сүйенбаева онлайн форматта қатысады. Оқыту барысында дезинфекция, залалсыздандыру және инфекциялардың алдын алу мәселелері қарастырылады.
Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығының мамандары өңірдегі медициналық ұйымдардың басшыларына медициналық қызметтердің сапасын басқару, цифрландыру және маркетинг бойынша оқыту сабақтарын әзірледі.
Пациенттерді консультацияға медициналық көрсетілімдер бойынша өңір дәрігерлері жібереді. Қабылдауға консультация өткізілетін медициналық ұйымның тіркеу бөлімі арқылы жазылуға болады. Одан әрі мамандандырылған ем алу қажет болған жағдайда пациенттер ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасына немесе Ұлттық госпитальға жіберілуі мүмкін.
Өңірлерде Медициналық орталық күндерін өткізу халықты ҚР ПІБ жүйесіндегі медициналық ұйымдардың мүмкіндіктерімен таныстырып қана қоймай, олардың сараптамалық және технологиялық әлеуетін халық үшін қолжетімді етуге, жергілікті дәрігерлердің кәсіби құзыреттерін арттыруға және өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдарымен ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.