Басты бет › МОА-да фотодинамикалық терапия көмегімен 1800-ден астам пациент ем қабылдады

МОА-да фотодинамикалық терапия көмегімен 1800-ден астам пациент ем қабылдады

МОА-да фотодинамикалық терапия көмегімен 1800-ден астам пациент ем қабылдады МОА-да фотодинамикалық терапия көмегімен 1800-ден астам пациент ем қабылдады МОА-да фотодинамикалық терапия көмегімен 1800-ден астам пациент ем қабылдады МОА-да фотодинамикалық терапия көмегімен 1800-ден астам пациент ем қабылдады

Заманауи технологиялар ісіктер мен ісікалды ауруларын күрделі хирургиялық араласусыз емдеуге мүмкіндік береді. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасында (МОА) қолданылатын фотодинамикалық терапия (ФДТ).

Фотодинамикалық терапия орталығы жұмыс істей бастағаннан бері мұнда 1800-ден астам пациент ем қабылдады. Орталықта ФДТ-ның ошақтық, жүйелі, эндоскопиялық және операция кезіндегі түрлері қолданылады. Орталықты онкология саласында 35 жылдан астам тәжірибесі бар медицина ғылымдарының докторы, профессор Насрулла Шаназаров басқарады.

ФДТ арнайы жарыққа сезімтал препарат пен лазер сәулесінің әсеріне негізделген. Препарат патологиялық өзгеріске ұшыраған тіндерде жиналып, лазер сәулесінің әсерінен ауру жасушаларын зақымдайтын реакция туындайды. Әдістің басты ерекшелігі – ауру ошағына дәл әсер етіп, айналасындағы сау тіндерді барынша сақтап қалу.

МОА-да бұл әдіс онкология, гинекология және дерматология салаларында қолданылады. Негізгі көрсетілімдеріне базалиома, ауыз қуысы, өңеш, кеңірдек пен бронх ісіктері, жатыр мойнының обыр алды өзгерістері жатады. Сондай-ақ ФДТ безеудің ауыр түрлерін, розацеа мен псориазды емдеуде қолданылуы мүмкін.

Орталық заманауи лазерлік қондырғылармен, патологиялық ошақтардың шекарасын анықтайтын флуоресцентті диагностика жүйелерімен және эндоскопиялық емдеуге арналған жарық өткізгіштермен жабдықталған. Бұл әдісті ішкі ағзалар ауруларын емдеуде де қолдануға мүмкіндік береді.
2018 жылы МОА-да Қазақстанда алғаш рет операция кезіндегі фотодинамикалық терапия жүргізілді. Сонымен қатар орталық базасында осы әдісті қолдану бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алғашқы клиникалық хаттамасы әзірленді.

«Біз аурудың ерте сатысында мүгедектікке әкелетін күрделі операцияларсыз-ақ толық сауығуға қол жеткіземіз. Ал ауруы асқынған пациенттерде ағзалардың өткізгіштігін қалпына келтіріп, өмір сүру сапасын едәуір жақсартамыз», – дейді Фотодинамикалық терапия орталығының басшысы Насрулла Шаназаров.

Мамандардың мәліметінше, ФДТ-ның кейбір беткей ісіктер мен ісікалды жағдайларды емдеудегі тиімділігі 85-95%-ға дейін жетеді. Алайда ем нәтижесі аурудың түрі мен сатысына, сондай-ақ пациенттің жеке ерекшеліктеріне байланысты. Кейбір емшаралар амбулаториялық жағдайда жүргізіліп, лазер сәулесінің әсер ету ұзақтығы 15-20 минутты құрайды.

ФДТ барлық пациентке бірдей қолайлы емес. Көлемі үлкен немесе терең орналасқан ісіктер, сондай-ақ метастаздар болған жағдайда емдеудің басқа әдістері қажет болуы мүмкін. Сондықтан бұл әдісті қолдану туралы шешімді дәрігер тексеру нәтижелері мен пациенттің клиникалық жағдайын ескере отырып қабылдайды.

Фотодинамикалық терапия орталығының дамуы МОА-ның заманауи медициналық технологияларды енгізу және мамандандырылған медициналық көмектің мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмысының бір бөлігі. Пациенттер осы әдістің өздеріне қолайлы екенін анықтау үшін МОА мамандарынан кеңес ала алады.