Күн суыған сайын Қазақстанда тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялармен (ЖРВИ) сырқаттанушылық әдеттегідей артады. Бұл аурулардың белгілері көбіне ұқсас болғанымен, әрқайсысы әртүрлі тәсілді талап етуі мүмкін. Ауру қоздырғышын анықтап, қажетті шараларды уақтылы қабылдауға зертханалық зерттеулер көмектеседі. Мұндай зерттеулер Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығында да жүргізіледі.
Жұқпалы аурулардың қоздырғыштарына вирустар, бактериялар, саңырауқұлақтар мен паразиттер жатады. Олар ауа-тамшы жолымен, тікелей қарым-қатынас кезінде, ластанған тағам мен су, қан арқылы, сондай-ақ жәндіктердің шағуы нәтижесінде таралуы мүмкін. Кейбір инфекциялар бастапқы кезеңде еш белгісіз өрбиді, ал олардың клиникалық белгілері көбіне өзара ұқсас болғандықтан, ауруды бірден ажырату қиынға соғады.
Бұл мәселе әсіресе тұмау мен ЖРВИ жағдайлары көбейетін күз бен қыс мезгілінде өзекті. Дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бас ауруы, жөтел және тамақ ауруы түрлі сырқаттардың белгісі болуы мүмкін. Сондықтан аурудың себебін тек сыртқы белгілеріне қарап анықтау әрдайым мүмкін бола бермейді.
Дәл осы себепті жұқпалы ауруларды анықтауда зертханалық зерттеулердің рөлі ерекше. Олар инфекция қоздырғыштарын анықтауға, диагнозды нақтылауға көмектеседі және емдеудің әрі қарайғы тактикасын таңдауға негіз болады.
СЭСО-да бұл міндеттерді шешу үшін заманауи зерттеу әдістері, соның ішінде бактериологиялық және молекулалық-генетикалық әдістер қолданылады. Бұл жұмысты аса қауіпті бактериялық және вирустық инфекциялар зертханасы, санитариялық-бактериологиялық зерттеулер зертханасы және молекулалық-генетикалық зерттеулер зертханасы сияқты мамандандырылған бөлімшелер атқарады.
Зертханалық диагностика нақты бір науқас үшін ғана емес, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігі үшін де маңызды. Қоздырғыштарды уақтылы анықтау инфекция көздерін табуға, олардың таралу қаупін бағалауға және қажетті алдын алу шараларын қабылдауға көмектеседі.
Мамандар жұқпалы аурудың белгілері пайда болғанда медициналық көмекке уақтылы жүгіну маңызды екенін еске салады. Егер дене қызуы ұзақ уақыт түспесе, тыныс алу қиындаса, ес бұзылса немесе жағдай күрт нашарласа, медициналық көмек дереу қажет.
Ал жұқтыру қаупін қарапайым алдын алу шаралары азайтады. Олардың қатарында қолды үнемі жуу, бөлмені желдету, жеке бас гигиенасын сақтау, қауіпсіз ауыз су мен сапалы азық-түлік тұтыну бар. Сырқаттанушылық маусымдық өршіген кезеңде науқастармен тығыз байланыстан аулақ болып, мамандардың ұсынымдарына сәйкес уақтылы вакцинация алған жөн.
СЭСО-ның заманауи зертханалық мүмкіндіктері мен мамандарының біліктілігі инфекциялық диагностика және санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік саласындағы көптеген міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Жүргізілетін зерттеулер ауру қоздырғыштарын анықтауға көмектеседі және халықтың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған шешімдер қабылдау үшін мамандарды нақты деректермен қамтамасыз етеді.