Заманауи диагностикалық әдістер ісік ауруларын ерте анықтап, олардың таралу ауқымын бағалауға және жүргізілген емнің нәтижесін бақылауға жол ашады. Мұндай мүмкіндіктер Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының пациенттеріне де қолжетімді. Мұнда еліміздегі жоғары технологиялық ядролық медицина орталықтарының бірі жұмыс істейді.
Ядролық медицина орталығының мамандары жыл сайын радиофармацевтикалық препараттардың 12 түрін қолдана отырып, 12 мыңнан астам диагностикалық зерттеу жүргізеді. Заманауи жабдықтар мен арнайы диагностикалық әдістер стандартты тексерулер кезінде анықтау қиын болатын ауруларды да ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
Орталық жұмысының негізгі бағыттарының бірі – позитронды-эмиссиялық томография мен компьютерлік томографияны біріктіретін ПЭТ/КТ зерттеуі. Ағзалардағы негізінен анатомиялық өзгерістерді бағалайтын әдістерден айырмашылығы, ПЭТ/КТ тіндердегі зат алмасу үдерістерін зерттеп, аурудың ерте кезеңінде де патологиялық ошақтарды анықтауға мүмкіндік береді.
Мұндай диагностиканың онкология саласындағы маңызы ерекше. Мәселен, ми ісіктерін зерттеу кезінде мамандар фторэтилтирозин мен метионин негізіндегі радиофармацевтикалық препараттарды қолданады. Олар ісік өзгерістерінің сипатын нақтылап, емдеу жоспарын құруға қажетті қосымша ақпарат алуға көмектеседі.
Нейроэндокриндік ісіктерді диагностикалау үшін галлий-68 негізіндегі препараттар қолданылады. Бұл зерттеулер бастапқы ісік ошақтары мен метастаздарды анықтауға, аурудың таралу деңгейін бағалауға және ем нәтижесін бақылауға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе дәстүрлі диагностикалық әдістермен анықтау қиын болатын ісіктердің кейбір түрлері үшін маңызды.
Тағы бір маңызды бағыт – қуықасты безі обырын диагностикалау. Галлий-68 және фтор-18 негізіндегі препараттарды қолданатын ПСМА-ПЭТ/КТ зерттеуі арқылы дәрігерлер ісік ошақтарын, метастаздарды және аурудың ықтимал қайталануын анықтай алады.
«Заманауи ядролық медицина ағзалардың құрылымдық өзгерістерін ғана емес, жасушалық деңгейде жүріп жатқан үдерістерді де көруге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе күрделі онкологиялық аурулар кезінде маңызды. Өйткені диагностиканың дәлдігі емдеу тактикасын таңдауға тікелей әсер етеді. Әртүрлі радиофармацевтикалық препараттарды қолдану әр науқастың ауру ерекшелігіне қарай барынша ақпаратты зерттеу әдісін таңдауға мүмкіндік береді», – дейді Ядролық медицина орталығының жетекшісі Айгүл Сәдуақасова.
Орталықтың мүмкіндіктері онкологиямен ғана шектелмейді. Радиоизотоптық зерттеулер кардиология, неврология және эндокринология салаларында да қолданылады. Мамандар бас миы, жүрек, өкпе, бүйрек, қалқанша және қалқанша маңы бездері, сондай-ақ сүйек тіндерінің ауруларын диагностикалайды.
Зерттеулердің кең ауқымы пациенттерге бір медициналық мекемеде жоғары технологиялық диагностикадан өтуге мүмкіндік береді. Ал емдеуші дәрігерлер диагноз қою, емдеу әдісін таңдау және оның нәтижесін бағалау үшін қажетті толық ақпарат алады.
ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасы қызметінің маңызды бағыттарының бірі – заманауи медициналық көмектің халыққа қолжетімділігін арттыру. Аурухана медициналық қызметтерді ақылы негізде ғана емес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында да көрсетеді. Нақты зерттеуді МӘМС шеңберінде өту мүмкіндігі медициналық көрсетілімдер мен оны қаржыландыру шарттарына байланысты айқындалады.
Ядролық медицинаны дамыту – ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының күрделі ауруларды диагностикалау мүмкіндіктерін кеңейтуге, заманауи медициналық технологияларды енгізуге және Қазақстан тұрғындары үшін жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды жұмыстарының бірі.