Еттің құрамында антибиотик қалдықтарының бар-жоғын оның түсіне, иісіне немесе сыртқы көрінісіне қарап анықтау мүмкін емес. Тіпті етті термиялық өңдеу де мұндай заттардың толық жойылуына кепілдік бермейді. Олардың бар-жоғын және мөлшерін тек арнайы зертханалық талдаулар арқылы анықтауға болады. Мұндай зерттеулерді ҚР ПІБ Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы жүргізеді.
Антибиотиктер мал шаруашылығында бактериялық инфекцияларды емдеу мақсатында кеңінен қолданылады. Белгіленген талаптар сақталып, препараттарды қолдану тәртібі бұзылмаса, олардың қалдықтары тағам өнімдерінде сақталмауы тиіс. Алайда мал дәрінің ағзадан толық шығуына қажетті уақыт өтпей сойылса, антибиотик қалдықтары ет пен ішкі ағзаларда қалуы мүмкін.
Антибиотиктердің рұқсат етілген мөлшерден артық болуы адам денсаулығына кері әсерін тигізуі ықтимал. Мәселен, кейбір адамдарда аллергиялық реакциялар туындауы мүмкін. Бұдан бөлек, тағам өнімдерінде антибиотик қалдықтарының болуы бактериялардың дәрілік препараттарға төзімділігінің артуына байланысты да алаңдаушылық тудырады.
«Көпшілік еттің сапасын түсі мен иісіне, сыртқы көрінісіне қарап бағалауға болады деп ойлайды. Алайда сырттай балғын көрінген еттің құрамында да ветеринариялық препараттардың қалдықтары болуы мүмкін. Оларды анықтап, нақты мөлшерін білу үшін зертханалық талдау қажет. Сондықтан мұндай зерттеулер халықтың өмірі мен денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқарады», – дейді Орталықтың санитариялық дәрігері Абылай Қайратов.
Антибиотик қалдықтарын анықтау үшін Орталықта заманауи зертханалық әдістер қолданылады. Олардың қатарында иммуноферменттік талдау, биочиптік технологиялар және тандемді масс-спектрометриямен ұштастырылған жоғары тиімді сұйықтық хроматографиясы бар.
Аталған әдістер антибиотиктердің өте аз мөлшерін де анықтап, олардың нақты концентрациясын өлшеуге және өнімнің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін бағалауға мүмкіндік береді. Зерттеу барысында тетрациклиндер, сульфаниламидтер, хинолондар және бактерияларға қарсы қолданылатын басқа да препараттар тобы тексеріледі.
2026 жылдың 10 айында Орталық мамандары тағам өнімдеріндегі антибиотик қалдықтарын анықтау бойынша 834 зерттеу жүргізді. Оның ішінде ет және ет өнімдерінің 307 сынамасы, құс еті мен жұмыртқаның 154 сынамасы, сүт және сүт өнімдерінің 334 сынамасы, сондай-ақ балықтың 39 сынамасы зертханалық тексеруден өтті.
Орталықтың зертханалық мүмкіндіктері тағам өнімдерінің қауіпсіздігін бақылаумен ғана шектелмейді. Өндірушілер де зерттеу нәтижелерін өз өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін растау, ветеринариялық талаптардың орындалуын бақылау және өндіріс барысында туындауы мүмкін кемшіліктерді дер кезінде анықтау үшін пайдалана алады.
«Зертханалық қорытынды өндірушіге өнімінің қауіпсіздігін нақты зерттеу нәтижелерімен растауға мүмкіндік береді. Ал тұтынушы үшін бұл өнім сапасына деген сенімді арттыратын қосымша кепіл. Заманауи жабдықтардың көмегімен біз зерттеулерді жоғары дәлдікпен жүргізіп, басқа тәсілдермен анықтау қиын заттарды да таба аламыз», – деп атап өтті Абылай Қайратов.
Осылайша, Орталықтың зертханалық зерттеулері тағам өнімдерінің қауіпсіздігін бағалауға және өндірушілерге өнім сапасын бақылауға қажетті объективті мәліметтер ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл халық денсаулығын қорғауға, өндірушілердің жауапкершілігін арттыруға және отандық тағам өнімдеріне деген тұтынушылар сенімін нығайтуға бағытталған маңызды жұмыс.