Басты бет › СЭСО зертханасы таңбалауда 80-ге жуық бұзушылық анықтады

СЭСО зертханасы таңбалауда 80-ге жуық бұзушылық анықтады

СЭСО зертханасы таңбалауда 80-ге жуық бұзушылық анықтады СЭСО зертханасы таңбалауда 80-ге жуық бұзушылық анықтады СЭСО зертханасы таңбалауда 80-ге жуық бұзушылық анықтады

ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының мамандары 2026 жылы халық тұтынатын тауарлардың таңбалануына жүргізілген мониторингтің қорытындысын шығарды. Тексерілген сынамалардың барлығынан бұзушылық табылды.

Аталған кезеңде талаптарға сәйкессіздіктің 77 жағдайы тіркелді. Салыстыру үшін, 2025 жылы мұндай бұзушылық 29 болған.

Ең жиі кездесетін олқылықтар қатарында импорттаушы туралы мәліметтің және өндірілген күнінің көрсетілмеуі бар. Қаптамада мемлекеттік тілдегі ақпарат пен өнімнің нарықтағы айналысының бірыңғай белгісі де жиі болмайды. Сонымен қатар өндіруші, жарамдылық мерзімі мен партия нөмірі туралы деректердің жоқтығы, ақпараттың нормативтік талаптарға сай келмеуі және жазулардың оқылмайтыны анықталды.

Таңбалау арқылы тұтынушы тауардың құрамы мен мақсатын, жарамдылық мерзімін, сақтау шарттары мен қолдану ережесін біледі. Сондай-ақ одан өндірушіні және өнімнің шығу тегін анықтауға болады. Бұл мәліметтер әсіресе тұрмыстық химия тауарларын пайдаланғанда аса маңызды.

СЭСО мамандарының ескертуінше, синтетикалық жуғыш заттар мен тұрмыстық химия қаптамасында мына мәліметтер міндетті түрде көрсетілуге тиіс: өнімнің атауы, құрамы мен мақсаты, дайындаушы және өтініш беруші туралы мәлімет, жауапты тұлғаның байланыс деректері, дайындалған күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, қолдану ережесі және сақтық шаралары.

Барлық ақпарат анық әрі оңай оқылатын, сыртқы әсерлерге төзімді болып, мемлекеттік және орыс тілдерінде берілуі қажет.

СЭСО токсикология зертханасының маманы Саламат Жаникулованың айтуынша, міндетті мәліметтер болмаса, тауарды сәйкестендіру және оның шығу тегін тексеру қиындайды. Оның үстіне тұтынушы мұндай өнімді пайдаланудың қаншалықты қауіпсіз екенін әрдайым бағалай алмайды.

«Тұрмыстық химия үшін бұл ерекше маңызды. Қаптамада құрамы, мөлшерлемесі және сақтық шаралары туралы мәлімет жетіспесе, құрал дұрыс қолданылмауы мүмкін. Бұл денсаулыққа зиян келтіреді», — деп атап өтті Саламат Жаникулова.

Мониторинг нәтижелері таңбалау талаптарын сақтау әлі де өзекті міндет екенін көрсетіп отыр. Қаптамадағы толық әрі нақты ақпарат тұтынушыға саналы таңдау жасауға, өнімді қауіпсіз пайдалануға және оның шығу тегін қадағалауға көмектеседі. Ең бастысы, таңбалау талаптарын сақтау ықтимал қауіптерді уақтылы анықтауға және қауіпсіз емес өнімнің қолданылуына жол бермеуге мүмкіндік береді. Демек, бұл азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқарады.