Алматыда жыл бойы қызмет көрсететін алғашқы Therma SPA термалды кешені ашылды. Almaty Resort клиникалық шипажайының аумағында орналасқан кешен демалыс пен сауықтырудың жаңа үлгісін ұсынады. Мұнда ашық бассейндер, табиғи минералды су, сауналар, хаммам және заманауи SPA-процедуралар қарастырылған.
Жалпы аумағы 3 800 шаршы метр болатын кешен қаланың экологиялық таза, көрікті бөлігінде, биік қарағайлардың арасында орналасқан. Терезеден таудың әсем көрінісі көрінеді. Енді алматылықтар мен қала қонақтарына термалды бассейндерде шомылып, денсаулығын күту үшін қаладан сыртқа шығудың қажеті жоқ. Кешен жыл он екі ай бойы жұмыс істейді.
Therma SPA аумағында төрт ашық бассейн бар. Оның бірі – жыл бойы жұмыс істейтін термоминералды бассейн, екіншісі – жүзу жолақтары бар спорттық бассейн. Сондай-ақ жасөспірімдер мен балаларға арналған екі маусымдық бассейн жабдықталған.
Аумағы 500 шаршы метрді құрайтын негізгі бассейн табиғи минералды сумен толтырылған. Тереңдігі 1,2-ден 1,4 метрге дейін жетеді. Мұнда демалушыларға жайлы жағдай жасау үшін гидромассаж құрылғылары, «Кобра» және «Гейзер» жүйелері орнатылған. Су температурасы +40 градусқа дейін жететіндіктен, мұнда қыстың аязды күндерінде де шомылуға болады.
Ал жүзуді ұнататындарға көлемі 25х10 метр, тұщы су құйылған спорттық бассейн ұсынылады. Оның тереңдігі 1,4-тен 2 метрге дейін өзгереді. Барлық бассейн заманауи сүзгілеу және су тазарту жүйелерімен жабдықталған.
Кешенде толыққанды демалыс үшін тау көрінісі бар мейрамхана, кафе және фуд-корт жұмыс істейді. Сондай-ақ ерлер мен әйелдерге арналған жеке монша аймақтары бар. Онда сауналар, бу бөлмелері, суға түсуге арналған шағын бассейндер және салқындау орындары қарастырылған.
Therma SPA-ның басты ерекшелігі – табиғи термоминералды су. Almaty Resort бұл суды тереңдігі шамамен 3 мың метр болатын өз ұңғымасынан алады. Минералды су шипажайда 60 жылдан бері емдік-сауықтыру бағдарламаларында қолданылып келеді. Оның құрамында йод, фторидтер, метакремний қышқылы және басқа да микроэлементтер бар. Су мамандардың тағайындауымен емдік ванналар, душ, шаю процедуралары және ішу арқылы емдеу үшін пайдаланылады. Енді кешен қонақтары оның қасиеттерін термалды демалыс кезінде де пайдалана алады.
Бұдан бөлек, Therma SPA-да заманауи қалпына келтіру және оңалту аймағы жұмыс істейді. Ол жоғары санатты жабдықтармен қамтамасыз етілген. Виши душы денеге жылы судың көптеген ағыны арқылы жұмсақ массаж жасап, бұлшықеттерді босаңсытады. Құрғақ гидромассаж ваннасында арнайы серпімді төсем арқылы берілетін су ағыны денеге әсер етеді.
Beautyshell озон капсуласында жылу, бу және озон әсері біріктірілген. Ал виброакустикалық төсек дыбыс толқындары мен жеңіл діріл арқылы денені босаңсытуға көмектеседі. Cocoon Fitness капсуласында инфрақызыл жылу, вибромассаж және дене жаттығулары қатар қолданылады.
Барлық процедураны білікті мамандар адамның жеке ерекшеліктері мен сауықтыру жөніндегі ұсынымдарды ескере отырып жүргізеді. Заманауи жабдықтар су процедураларын қалпына келтіру және босаңсу бағдарламаларымен ұштастыруға мүмкіндік береді.
«Біз үшін Almaty Resort-тың табиғи емдік мүмкіндіктерін шипажай қонақтарына ғана емес, қала тұрғындарына да қолжетімді ету маңызды. Therma SPA отбасылар бірге келіп, күш-қуатын қалпына келтіретін, денсаулығына көңіл бөліп, уақытын пайдалы өткізетін орынға айналса дейміз», – деді Therma SPA басшысы Айгерім Нұржан.
Therma SPA табиғи ресурстарды, клиникалық шипажайдың көпжылдық медициналық тәжірибесін және заманауи демалыс инфрақұрылымын біріктіреді. Мұнда қаладан шықпай-ақ минералды суға шомылып, монша процедураларын қабылдап, ағзаны қалпына келтіруге арналған бағдарламалардан өтуге болады.