Басты бет › Президент телерадиокешені: Тәжікстандағы жаңа медиасеріктестер

Президент телерадиокешені: Тәжікстандағы жаңа медиасеріктестер

Президент телерадиокешені: Тәжікстандағы жаңа медиасеріктестер

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның Астанаға ресми сапары аясында Қазақстан Президентінің Телерадиокешені мен Тәжікстанның медиа құрылымдары арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
 
Құжаттарға қол қою рәсіміне екі елдің мемлекет басшылары — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысты.

Президент Телерадиокешені Тәжікстан Үкіметі жанындағы Теледидар және радио комитетімен, «Сафина» телеарнасымен және «Джахоннамо» телеарнасымен өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумдар орнатты.

Құжаттарға ҚР Президенті Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева мен Тәжікстан Үкіметі жанындағы Теледидар және радио комитетінің төрағасы Носир Саидзода қол қойды.

Бұл уағдаластықтар кәсіби байланысты дамытуға, ақпарат саласындағы әріптестікті нығайтуға, телевизия және радио бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ редакциялар мен шығармашылық ұжымдар арасындағы өзара іс-қимылға жол ашуға бағытталған.

Президент Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева ынтымақтастықтың басты мақсаты — қазақстандық және тәжікстандық медиамамандар арасындағы байланысты дамыту, сондай-ақ Қазақстан мен Тәжікстанның мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарын нығайту екенін атап өтті.

Тәжікстан Үкіметі жанындағы Теледидар және радио комитетінің төрағасы Носир Саидзоданың айтуынша, қол қойылған құжаттар қазақстандық әріптестермен ұзақмерзімді серіктестік орнатуға мүмкіндік береді.

— Кәсіби тәжірибе алмасу мен халықтарымыздың бір-бірін, мәдениеті мен дәстүрін тереңірек танып-білуіне ықпал ететін материалдар әзірлеу бағытында үлкен әлеует бар деп санаймыз, — деді ол.

Тараптар кәсіби байланысты мемлекеттік бейінді органнан бастап ұлттық теле-радиоарналарға дейінгі бірнеше деңгейде дамытудың маңызын атап өтті. Үш меморандумға қол қойылуы Қазақстан мен Тәжікстанның бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ынтымақтастығын нығайту жолындағы кезекті қадам болды.

ҚР Президентінің Телерадиокешені — Мемлекет басшысының қызметін ақпараттық тұрғыда сүйемелдейтін медиаресурс. Медиахолдинг құрамына Jibek Joly телеарнасы, Деректі кино орталығы, Jibek Joly радиостанциясы және еліміздегі ең тарихи ақпарат агенттігі — Kazinform ХАА кіреді. Ақпарат агенттігі қазақ, орыс, өзбек, ағылшын, қытай тілдерінде және төте жазумен ақпарат таратады.

Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Теледидар және радио комитеті – елдегі мемлекеттік телерадио хабарларын тарату және кинематография саласына басшылық жасап, оның жұмысын реттейтін Үкіметтің негізгі уәкілетті органы.

«Джахоннамо» – Тәжікстандағы тәулік бойы хабар тарататын жалғыз мемлекеттік ақпараттық телеарна. Арна жедел жаңалықтар мен сараптамалық материалдарға басымдық береді. Оның республика ішінде де, шетелде де тілшілер желісі қалыптасқан.

«Сафина» – мәдени-ағартушылық және әлеуметтік-экономикалық бағыттағы жетекші мемлекеттік телеарна. Душанбеде заманауи цифрлық студия кешені бар. Телеарна тәжік және орыс тілдерінде хабар таратады.