Жасанды интеллект еңбек нарығын қалай өзгертеді? Болашақ мамандарға қандай дағдылар қажет болады? Ғылыми деректер климаттық тәуекелдерді бағалауға және адамдардың өмір сүру сапасына әсер ететін шешімдер қабылдауға қалай көмектеседі? Бұл мәселелер Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Президенттік орталығында өткен «Орталық Азия елдерінің тұрақты дамуы жолындағы ғылым, деректер және болжау» атты халықаралық конференция барысында талқыланды.
Іс-шара Дүниежүзілік ғылым күніне орайластырылып, Тұрақты даму мүддесіндегі ғылымның халықаралық онжылдығы аясында ұйымдастырылды. Конференцияны ҚР Президенттік орталығы мен ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік бюросы бірлесіп өткізді. Жиынға Орталық Азия елдерінің мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдардың, ғылыми қоғамдастық пен сарапшылық орта өкілдерін қоса алғанда, 100-ге жуық адам қатысты.
Конференцияның негізгі назарында бүгінгі таңда қоғам өміріне тікелей әсер етіп отырған өзекті мәселелер – жасанды интеллектіні дамыту, еңбек нарығындағы мамандықтарға қойылатын талаптардың өзгеруі, климаттық тәуекелдер, цифрлық қауіпсіздік және жаңа буын мамандарын даярлау мәселелері болды.
Конференцияны ашқан ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат ғылым мен инновациялардың мемлекеттердің тұрақты дамуының маңызды шартына айналып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, климаттың өзгеруі, ресурстар тапшылығы және цифрлық қауіпсіздік секілді жаһандық сын-қатерлер ғылыми негізделген шешімдер қабылдауды және халықаралық ынтымақтастықты талап етеді.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі жасанды интеллектінің еңбек нарығына ықпалы болды. Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауынша, 2030 жылға қарай жұмыс берушілер сұранысқа ие дағдылардың шамамен 40 пайызы өзгереді. Ұйымның болжамына сәйкес, осы кезеңде 170 млн жаңа жұмыс орны ашылып, 92 млн жұмыс орны қысқарады. Бұл үрдістер сапалы білім берудің, цифрлық сауаттылықтың және кәсіби дамудың үздіксіз болуының маңызын арттыра түседі.
Қатысушылар климаттың өзгеруінің денсаулыққа, жұмыспен қамтуға және халықтың көші-қонына әсерін қоса алғанда, оның әлеуметтік салдарын да талқылады. Орталық Азия елдері үшін ғылыми деректер мен тәжірибені біріктіру айрықша маңызды, өйткені өңірдегі көптеген экологиялық және табиғи сын-қатерлер трансшекаралық сипатқа ие.
ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік бюросының директоры, ұйымның Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстандағы өкілі Амир Пирич ғылыми ынтымақтастық адам мүддесіне қызмет етіп, оның құқықтарын қорғауға және қоғамның болашақты қалыптастыру үдерісіне қатысуына мүмкіндік жасауға тиіс екенін атап өтті.
Ол бұл үдерісте стратегиялық болжаудың, яғни форсайттың айрықша рөл атқаратынына назар аударды. Бұл тәсіл дамудың ықтимал сценарийлерін қарастырып, қабылданатын шешімдердің салдарын алдын ала бағалауға мүмкіндік береді.
Қырғыз Республикасының ғылым, жоғары білім және инновациялар вице-министрі Лира Сулайманова өңірлік ынтымақтастықтың үш басым бағытын атап өтті. Олар: жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды жауапкершілікпен дамыту; білікті кадрлар даярлау және ғылыми әзірлемелерді тәжірибеде қолдану; мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде деректерді пайдалану.
Конференция барысында сарапшылар жасанды интеллект пен нейротехнологияларды енгізудің этикалық мәселелерін, мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз етуді, жастардың климаттық бастамалардағы рөлін және өңір елдері арасындағы ғылыми ынтымақтастықтың перспективаларын да қарастырды.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар алдағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарын айқындады. Олардың қатарында климаттың өзгеруіне бейімделу, цифрлық трансформация және стратегиялық болжау салаларындағы ғылыми деректер мен тәжірибе алмасу, сондай-ақ ғылым мен технологиялардың этикалық мәселелері бойынша өңірлік диалогты дамыту бар.