Басты бет › Инженерлік орталық киберқауіптерден қорғану құралдарын жетілдіруде

Инженерлік орталық киберқауіптерден қорғану құралдарын жетілдіруде

Инженерлік орталық киберқауіптерден қорғану құралдарын жетілдіруде

Ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттыру және Ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығының (АҚЖО) жұмысын жетілдіру мақсатында «ҚР Құрылтайының қызметін шаруашылық қамтамасыз ету департаментінің Инженерлік орталығы» ШЖҚ РМК ақпараттық жүйелердегі киберқауіптерді автоматты түрде анықтау және осалдықтарды басқару тетіктерін енгізу жұмыстарын жүргізуде.

Бұл бағыттағы негізгі жобалардың бірі – OpenCTI платформасын енгізу. Ол кибершабуылдар, зиянды бағдарламалар және өзекті қауіп-қатерлер туралы мәліметтерді автоматты түрде жинауға және талдауға мүмкіндік береді. Тестілеу барысында жүйеде 197 киберқауіп тобы, 1,2 мыңнан астам зиянды бағдарлама, 588 талдамалық есеп және ықтимал қауіпті белсенділіктің 29 мыңнан астам индикаторы туралы ақпарат жинақталған. Алынған деректер қолданыстағы IBM QRadar мониторинг жүйесімен интеграциялануда.

Сонымен қатар Greenbone Community Edition, n8n және OpenCTI платформалары негізінде осалдықтарды автоматты түрде анықтау және оларды жою барысын бақылау тетігі енгізілуде. Бұл шешім ақпараттық инфрақұрылымды сканерлеуге, есептер қалыптастыруға, жауапты мамандарға тапсырмалар жолдауға және анықталған кемшіліктердің жойылуын бақылауға мүмкіндік береді.

Аталған шешімдерді енгізу қолмен атқарылатын жұмыстардың көлемін қысқартуға, ықтимал қауіптерді анықтау уақытын жеделдетуге және Ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығы мамандары жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.