Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасында мемлекеттік қызметшілерге арналған «Гендерлік теңдік: Қазақстандағы мемлекеттік саясат және оны іске асыру» тақырыбында оқыту семинары өтті.
Семинардың негізгі спикері ретінде қазақстандық белгілі заңгер-ғалым, еңбек және азаматтық құқық саласының сарапшысы, PhD докторы, Мақсұт Нәрікбаев атындағы университет Жоғары құқық мектебі Жеке құқық департаментінің қауымдастырылған профессоры Мұслім Хасенов сөз сөйледі.
Семинар барысында сарапшы мемлекеттік органдардың кадр саясаты аясында гендерлік теңдікті қамтамасыз етудің негізгі қағидаттарын атап өтті. Олардың қатарында ашықтық пен кәсіби құзыреттер негізінде мемлекеттік лауазымдарға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, кәсіби және отбасылық міндеттерді қатар атқаруға жағдай жасау, сондай-ақ жынысына байланысты кемсітушілікке жол бермеу мәселелері бар.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі нормаларын қолдану және 2026 жылғы заңнамалық жаңашылдықтарға да ерекше назар аударылды. Мұслім Хасенов қызметкердің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу және қорғау жөніндегі жаңа қағидатқа жан-жақты тоқталып, оның мемлекеттік органдарда салауатты корпоративтік орта қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
Сонымен қатар қатысушылар 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының негізгі бағыттарымен, Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы заңның ережелерімен және Үкіметтің 2024–2027 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарымен танысты.
Семинар практикалық жағдайларды талқылаумен және пікір алмасумен жалғасты. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
Іс-шара соңында ҚР ПІБ Әдеп жөніндегі уәкілі, Ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің меңгерушісі орынбасары Шолпан Жұмағұлова мазмұнды баяндамасы мен сараптамалық үлесі үшін Мұслім Хасеновке алғыс білдірді. Ол гендерлік саясатты жүйелі дамыту ведомствоны жаңғыртудың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.