Азаматтық заңнаманы жаңарту, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру және цифрлық экономиканы дамыту Қазақстандағы алдағы өзгерістердің маңызды бағыттарына айналады. Парламентаризм институтының сарапшылары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазанда жарияланған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелеріне түсініктеме берді.
Парламентаризм институты Жеке заңнама орталығының жетекшісі Юлия Костяная маңызды заңнамалық басымдықтардың бірі ретінде Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық кодексін әзірлеуді атады, оны қабылдау 2027 жылдың соңына дейін жоспарланған. Оның айтуынша, қолданыстағы кодекс нарықтық экономиканың қалыптасуында маңызды рөл атқарды, алайда өткен онжылдықтар ішінде бизнесті жүргізу жағдайлары, мүліктік қатынастар мен мәмілелер жасау тәсілдері айтарлықтай өзгерді.
«Қазіргі таңда көптеген мәмілелер қашықтан жасалады, қаржылық қызметтер цифрлық платформалар арқылы көрсетіледі, капитал тартудың және мүліктік құқықтарға иелік етудің жаңа тәсілдері пайда болуда», - деп атап өтті Юлия Костяная.
Сарапшы атап өткендей, жаңартылған азаматтық заңнама заманауи экономикалық және технологиялық шындықты ескеруге, меншік құқығын сенімді қорғауды қамтамасыз етуге және келісімшарттық қатынастарды реттеуді жетілдіруге тиіс. Бұл цифрлық сервистердің дамуы мен экономикалық өзара іс-қимылдың жаңа модельдерінің пайда болуы жағдайында ерекше маңызды.
Жолдаудың тағы бір маңызды блогы мемлекеттік басқаруды жаңғыртумен байланысты. Парламентаризм институтының Жария заңнама және мемлекеттік басқару бөлімінің бастығы, заң ғылымдарының кандидаты Әлімжан Иржанов мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін арттыру үшін барлық деңгейдегі басқару процестерін қайта қарау, қайталанатын функцияларды жою және жасанды интеллектті енгізу қажеттігіне назар аударды.
Сарапшының пікірінше, технологиялық шешімдер мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін арттырумен және қызметтік әдепті нығайтумен ұштасуы керек. Жалпы, бұл шаралар цифрлық экономиканың талаптары мен қоғамның сұраныстарына жауап беретін неғұрлым заманауи және нәтижелі басқару моделін құруға мүмкіндік береді.
Парламентаризм институты Жария заңнама және мемлекеттік басқару орталығының бас маманы Сұлтан Панов Цифрлық трансформацияның практикалық қырларына тоқталды. Оның атап өтуінше, цифрлық экономиканы дамыту мен жасанды интеллектіні енгізу үдерісі мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдетуден бастап, артық әкімшілік рәсімдерді жою және бизнеске мүмкіндіктерді кеңейту сияқты азаматтар мен кәсіпкерлер үшін нақты игіліктермен көрініс табуы тиіс.
Сарапшы реттеу жүйесіндегі артық талаптарды анықтау үшін жасанды интеллектіні қолданудың, сондай-ақ инвестиция тарту құралы ретінде активтерді токендеуді дамытудың зор әлеуетке ие екенін атап өтті. «Халықтық цифрлық экономика адамның өз қаласынан немесе ауылынан табыс табуға, өз ісін дамытуға, инвестициялық жобаларға қатысуға көбірек мүмкіндік алған сәтінен басталады», — деп түйіндеді Сұлтан Панов.
Сарапшылардың пайымдауынша, Жолдауда белгіленген басымдықтар өзара байланысты. Заңнаманы жаңарту жаңа экономикалық шындыққа сай болуды, мемлекеттік басқару реформасы – мемлекеттік институттар жұмысының тиімділігін арттыруды, ал цифрландыру – азаматтар мен бизнес үшін қосымша мүмкіндіктер туғызуға тиіс.
Дәл осы өзгерістердің практикалық нәтижесі, атап айтқанда түсінікті құқықтық тетіктер, тиімді мемлекеттік қызметтер және экономикалық белсенділікті ынталандыратын жаңа жағдайлар алға қойылған міндеттерді іске асырудың негізгі бағдарлары болмақ.