Бүгін Атырауда Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының күндері басталды. Аймақ тұрғындары бейінді мамандардан консультация алса, ал жергілікті дәрігерлер күрделі операциялар жасау және заманауи медициналық технологияларды қолдану бойынша әріптестерінің тәжірибесімен танысады.
Іс-шара аясында Медициналық орталығының ауруханасы мен Ұлттық госпиталь мамандары нейрохирургия, оториноларингология, урология және гинекология бағыттары бойынша 10-ға жуық ота жасауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ пациенттерге консультациялар беріліп, 200-ден астам медицина қызметкерінің қатысуымен оқыту іс-шаралары өткізіледі.
Негізгі бағыттардың бірі – нейрохирургияда заманауи эндоваскулярлық әдістерді қолдану. ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының нейрохирургі Исламбек Мұсабеков Атырау облыстық ауруханасында интервенциялық технологияларды, соның ішінде стенттеу әдісін қолдана отырып, ота жасайды. Мұндай әдістер белгілі бір клиникалық жағдайларда ашық хирургиялық араласусыз, қан тамырлары арқылы ем жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл операцияның жарақаттық әсерін азайтып, пациенттердің тезірек қалпына келуіне ықпал етеді.
«Біздің міндетіміз – пациенттерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетумен қатар, жергілікті әріптестерімізбен бірлесіп хирургиялық операциялар жасау, заманауи нейрохирургиялық технологияларды енгізу және қолдану. Интервенциялық әдістер арнайы микрокатетерлердің көмегімен ашық хирургиялық араласусыз, қан тамырлары арқылы ем жүргізуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл операцияның жарақаттық әсерін азайтып, пациенттердің тезірек сауығуына ықпал етеді және кейбір жағдайларда инсульт қаупін төмендетуге көмектеседі», – деді Исламбек Мұсабеков.
Сонымен қатар мұрын қалқасының тесілуін емдеу және эндоскопиялық полисинусотомия, несеп-тас ауруын эндоскопиялық әдіспен емдеу, сондай-ақ лапароскопиялық гинекологиялық операциялар жоспарланған. Оларды Медициналық орталықтың ауруханасы мен Ұлттық госпиталь мамандары жасайды.
Практикалық жұмыспен қатар, Медициналық орталықтың сарапшылары өңірлік мамандарға диагностика мен емдеудің өзекті тұстары, денсаулық сақтау саласын цифрландыру, жасанды интеллектіні қолдану және зертханалық зерттеулердің сапасын арттыру тақырыптарында дәрістер өткізеді.
ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері Атырау облысы тұрғындары үшін мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және еліміздің жетекші медициналық ұйымдары мен өңірлік денсаулық сақтау мекемелері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Барлық іс-шаралар Атырау облыстық ауруханасының негізінде өтіп жатыр. ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері 5 қарашаға дейін жалғасады.